- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Исабаев Б.Ө.
Жетісу облысының әкімі
Жетісудың маңызды күрежолдарындағы құрылыс жұмыстары келесі жылы толық аяқталады
Жетісудағы облыстық маңызы бар жолдар мен республикалық күрежолдар учаскелеріндегі құрылыс жұмыстары келесі жылы толығымен бітеді.
Қорғастан Жаркентке дейінгі 32 км жолдың жөндеу жұмыстары осы жылдың қыркүйек айында біткен, абаттандыруы аяқталған соң жылдың аяғына дейін толық өткізіліп беріледі. Өткен жылғы халықпен кездесуімде тұрғындар тротуар салып беру туралы өтініш айтқан, соған байланысты екі аралықта жол бойындағы елді мекендерге тротуар салып, жарықтандыруы қоса жүргізілуде. Бұдан бөлек, былтыр Жаркент пен Көкталға дейінгі жолды екі қабат асфальтпен, Алтынемел асуындағы 23 км жолды үш қабатпен қолданысқа бердік, абаттандыруы биыл бітеді. Оған қоса Алтынемел асуынан Қоңырөлең ауылына дейінгі жолға орташа жөндеу жасалды. Биыл Жаркенттен бетон жолға дейінгі 15 км учаскенің құрылысын бастадық. Ары кеткенде келесі жылдың ерте көктемінде аяқтап, пайдалануға береміз. Ендігі қалып отырғаны – Қоңырөлеңнен Көкталға дейінгі 68 км жол, ұзындығы 7 км Сарыөзек айналма жолы. Осы жобалардың барлығын келесі жылдың аяғына дейін бітіруді жоспарлап отырмыз. Біздің негізгі мақсатымыз - 2025 жылдың аяғында облыс көлемінде Талдықорғаннан Ақшиге және Достыққа дейін, Талдықорғаннан Балқаш көліне дейін және Қорғастан Сарыөзекке дейінгі жолдың жөндеуін бітіру. Сол жоспар бойынша алға қойған мақсаттарымыздың бәрін жүзеге асырамыз. Қазірге бұл жұмыстардың 70 пайыздайы бітті. Қорыта айтқанда, облысымыздағы республикалық, облыстық маңызы бар күрежолдардың барлығының құрылысын келесі жылы күзде аяқтаймыз.
Толығырақ облыс әкімдігінің ресми сайтында https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/867252?lang=kk&parentId=40307
- 18.10.2024
- 30