- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің онлайн форматта кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Министрліктің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, осы жылға арналған жоспары туралы айтылатын жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.
Сонымен қатар іс-шараға Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің және қоғамдық кеңес өкілдері, Парламент депутаттары, Министрлікке бағынысты мекемелер мен жергілікті атқарушы орган басшылары қатысты.
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, вице-министр Нұрғиса Дәуешов, Сәкен Мұсайбеков, Ғабидолла Әбдірахымов баяндама жасады.
«Өткен жылы 16 наурыздан бастап пандемияға байланысты сала толығымен онлайн жұмыс форматына ауысты. 2020 жылдың 10 айында мәдениет ұйымдары 120 млн астам қаралымы бар 75 мың онлайн іс-шара өткізді. Бұл халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі жобалар болатын.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық мәдениет және өнер ұйымы қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы 36,4 мың адамның жалақысы көтерілді. Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке өсті. 2020 жылы 75 мәдениет және өнер қайраткері, оның ішінде 6 жас маман Мемлекеттік стипендияның иегері атанды. Мемлекет басшысы 7 әдебиет және өнер қайраткеріне Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығын тапсырды. Тұңғыш Президент – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығына академик Төрегелді Шарманов және «Назарбаев университетінің» ректоры Шигео Катсу ие болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 5 республикалық мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Мамандығы бойынша жұмыс істейтін балет артистеріне зейнет жасына толғанға дейін жалақысының 60% мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер белгіленді. Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына республикалық мәртебе беріліп, ұжым жаңа ғимаратқа көшті және штат саны 2 есе көбейді. Екі жылдық үзілістен кейін Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық республикалық ұйғыр музыкалық комедия театрының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, көрермендерге қызмет көрсете бастады. «Таңбалы», «Ұлытау» және «Отырар» музей-қорығындағы сапар орталығының құрылысы аяқталды. Ақан Сатаевтың «Томирис» фильмі Париждегі L'Étrange Festival фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. NOMAD Stunts халықаралық каскадер тобы «Томирис» фильмінде трюктері үшін әлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығына ие болды. Режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» қысқаметражды фильмі Испаниядағы Short Of The Year қысқаметражды фильмдер фестивалінің қысқы маусымында қазылар алқасының арнайы сыйлығын алды. Режиссер Азиз Заиров пен Мұхамед Мамырбековтің «Девушка и море» фильмі Канндағы Silk Road Film Awards – Cannes кинофестивалінде «Үздік әлеуметтік драма» жүлдесіне ие болды. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры мен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры ТМД елдерінің үздік опера және балет театрлары рейтингінде үздік 5 опера және балет театрдың қатарына енді. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей мен Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік музей ТМД елдерінің үздік 5 виртуалды музейі қатарында»,-деді.
Ғабидолла Әбдірахымов өз баяндамасында коронавирус пандемиясына қарамастан еліміздің туризм саласында атқарылған қыруар жұмыстың бір парасына тоқталды.
«Өткен жылы LonelyPlanet ғаламдық басылымының нұсқасы бойынша Қазақстан «Үздік қонақүйлер» номинациясында топ жарса, Францияның Le Figaro басылымы елімізді 2021 жылы саяхаттауға кеңес беретін 21 дестинация тізіміне қосты.
Ал British Backpacker Society белсенді эко-саяхатты ұнататындар үшін Қазақстанды өткен жылы ТОП-5-ке қосты. The Telegraph Қазақстанды «Қарқынды дамып келе жатқан турдестинация» ретінде атап өтті. Сонымен қатар The Guardian басылымы да елімізді оқырмандарына саяхаттауға кеңес берді.
Жалпы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30%-ға өсіп, 614,7 млрд. теңгеге жетсе, 14 мың адам жаңа жұмыс орнында қызмет етіп жатыр»,-деді.
Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков спорт саласындағы қызмет туралы айтты.
«Пандемия кезінде мемлекет республикалық спорт ұйымдарын қолдау және қаржыландыру шараларын тоқтатпады.
Мәселен, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы 2023 жылға дейін жыл сайын 25%-ға өсетін болады. Сонымен қатар спортшылардың допингке қарсы зертханасы, Ұлттық допингке қарсы орталық, Республикалық дене шынықтыру және оқу-әдістемелік талдау орталық, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларының жалақысына 100% жаңа қосымша төлем белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есе көбейді»,-деп айтты.
Алқа мәжіліс соңында Ақтоты Райымқұлова Министрліктің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы жоспары жайлы тарқатып айтып өтті.
«Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175, ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің 180, күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150, алаш қайраткері Әлихан Бөкейханұлының 155, Еркеғали Рахмадиевтің 90, Олжас Сүлейменовтің 85, Қаршыға Ахмедияровтың 75, Әлібек Дінішевтің 70, Батырхан Шүкеновтің 60 жылдық мерейтойы мемлекеттік деңгейде аталып өтеді.
Мемлекеттігіміздің терең тарихын айшықтайтын «Жошы хан» тарихи-мәдени орталығын ашу, Түркі бесігінің жаңартылған орталығы – Түркістан қаласының халықаралық деңгейде презентациясы жоспарланып отыр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында ұлтқа қызмет еткен біртуар тұлғалар есімін ардақталады. Сонымен қатар көптеген халықаралық байрақты бәсекелерге дайындық жұмысын пысықтап, жоғары нәтижеге гол жеткізуге тырысамыз. Туризм саласында еліміздің әлеуетін ескере отырып, жаңа бағыттарды ашу негізгі жоспарда. Министрлік ұжымы осы жылға қойылған барлық міндет пен жоспарды жүзеге асыруға барын салатынын айта кеткім келеді»- деді министр.
Осыдан кейін сөз алған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту бағытында бірқатар тапсырма берді.
«Биыл халқымыз үшін тарихи маңызды жыл. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтудеміз. Республика бойынша ел мерейтойына арналған 360-тан аса мәдени, 400-ге жуық спорт бойынша іс-шара өтеді деп жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл Наурыз мейрамы мазмұндық тұрғыдан байытылған, жаңартылған концепциямен атап өтіледі.
Жоспарланған іс-шараларды жоғары деңгейде іске асыруға жұмыла күш салып, Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген нәтижелерімізді ел ішінде және халықаралық деңгейде таратуымыз керек»,-деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.
- 18.02.2021
- 233