- Блогтар
- Байханов А.
Байханов А.
Павлодар облысының әкімі
Ертіс ауданына жаңа әкім тағайындалды
Облыс басшысы Асайын Байханов Ертіс ауданы активінің отырысында жаңа әкімді таныстырды.
Өңір басшысы ауданның жетістіктері үшін бұрынғы басшысына алғысын білдірді.
- Өздеріңізге белгілі, кеше Болатбек Шәріпов Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол үлкен жұмыс атқарды. Ертіс ауданы астық және егіс алқаптары бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Ауданда 3 облыстық және 6 кірме жол, 17 көше асфальтталды, 3 су құбыры салынды, Қостомар ауылындағы көпір жөнделді. Балалар музыка мектебі мен 3 мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті, Ертіс аудан орталығында спорт кешені салынды, 10-нан астам балалар мен футбол алаңдары жабдықталды. Сондықтан, Болатбек Кәрімұлы жаңа лауазымда жоғары жұмыс деңгейін көрсететініне сенімдімін, - деді облыс әкімі.
Меритократия қағидаты бойынша және ҚР Президенті Әкімшілігінің, аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен, өңір басшысының өкімімен Нығман Жүсіпов Ертіс ауданының әкімі болып тағайындалды.
Нығман Мүтәләпұлы 1978 жылы 12 қарашада Ертіс ауданының Северное ауылында дүниеге келген. 2 жоғары білімі бар. Еңбек жолын туған ауданында тарих пәнінің мұғалімі болып бастаған. Мемлекеттік қызмет өтілі - 10 жылдан астам. 2020 жылдан бастап Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Асайын Байханов жаңадан тағайындалған әкімнің алдына бірқатар міндеттер қойды.
- Суармалы жерлердің көлемін одан әрі ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Ол үшін сізде үш жақсы жоба бар: «Ертіс», «Три К», «Санжар». Агроөнеркәсіптік кешенге тартылған инвестициялар көлемі бойынша аудан 2 орында. Инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жұмыстарды жалғастыруды тапсырамын, - деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, келесі жылы «Западное» ШҚ ет өңдеу кешенін және Ертіс ауылындағы сауда орталығын пайдалануға беру қажет. «Ауыл - ел бесігі» жобалары, 40,7 км жолды асфальттау бойынша жұмыстардың сапасы және ауданның шалғайдағы 9 ауылында интернетке қол жеткізу мәселелерін шешу тұрақты бақылауда тұр.
- 22.11.2024
- 33