- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында 24 мыңға жуық жұмыскердің жалақысы 23,7 пайызға көтерілді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық еңбек инспекциясы департаментінің басшысы Жарылқасын Айтақов хабарлама жасады. Оның айтуынша, өңірде еңбек жағдайларының ахуалы тұрақты, еңбек шиеленістері ресми тіркелмеген.
Аймақтағы ұйымдар мен кәсіпорындарға мемлекеттік еңбек инспекторлары жоспардан тыс және профилактикалық бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жалпы 519 заң бұзушылық анықталып, бүгінде толық жойылды.
39 кәсіпорынға «Халықтық бақылау» жобасы мен «Нөлдік жарақаттану - Vision Zero» тұжырымдамасы енгізілді. Бұл бастамалар өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайтуға негізделген.
Еңбек жағдайларының нақты жай-күйін бағамдау мақсатында 422 өндірістік нысандағы 967 жұмыс орны аттестаттаудан өтті.
Бұдан бөлек, кәсіпорындарда 941 өндірістік кеңес құрылып, онда еңбекті қорғау жөніндегі 1 333 инспектор жұмыс істеуде.
2 100 мекеме қызметкерін жазатайым оқиғалардан сақтандыру бойынша шарт жасаған.
2 619 кәсіпорын 23 680 жұмыскердің жалақысын 23,7 пайызға көтеріп отыр.
Жыл басынан бері 11 мекемеде 419,9 млн. теңгенің жалақы қарызы анықталып, оның 94,5 пайызы (396,7 млн. теңге) өтелді. 2 011 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды.
Басқосуда Тараз қаласы мен аудан әкімдері, басқарма басшылары көтерілген мәселелер бойынша сұрақтарға жауап берді.
Облыс әкімі комиссия отырысының соңында кәсіпорындарда жалақы қарыздарын болдырмау, жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру, еңбек жанжалы қаупі бар мекемелердегі жағдайды реттеу бойынша жауаптыларға нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен бірге бейресми жұмыспен қамтылған азаматтардың еңбек қатынасын заңдастыру, еңбек шарттарын цифрлық жүйеге енгізу бойынша түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ескертті.
- 17.12.2024
- 11