- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды: Майдангерлерді Жеңістің 80 жылдығымен құттықтадым
Бүгін Ысқақ Құсайыновтың үйінде болып, соғыс ардагерін мерейлі мерекемен құттықтадым. Ысқақ Әлпейісұлы майданға өз еркімен 1942 жылы аттанып, Отан алдындағы борышын Амур әскери-теңіз флотында өтеген. «Әскери-теңіз флотының үздігі» атағын алған. Ардагердің соғыстағы да, бейбіт өмірдегі де марапаттары біршама. ІІ дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендері, «Еңбек Ері» медалі және басқа да марапаттары бар. «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атанған, өйткені ардагер өмірінің көп бөлігін ұрпақ тәрбиесіне арнап, 1952 жылдан бері білім беру саласында жемісті еңбек еткен.
Мұнан соң биыл 100 жасқа тоып отырған Төлеубай Шектібаев ақсақалдың шаңырағына бардым. Майдан даласына 18 жасында аттанған Төлеубай ақсақал 1943-1944 жылдары Амур маңындағы қиыр шығыс шекарасын қорғаған екен. Мажарстандағы Балатон өзеніне дейін неміс басқыншыларынан азат ету ұрысына қатысқан. Ал 1945 жылы 83-ші атқыштар дивизиясының құрамында жапон әскеріне қарсы соққы беріп, Харбин қаласын азат етушілер қатарында болды. І дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Ардагерлерді Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, 80 жылдық мерейтойлық медаль мен Президенттің құттықтау хатын табыстадым.
Соғыс жылдарында Жетісудан майданға барлығы 120 мыңнан астам адам аттанды, солардың 47 мыңы ұрыс даласынан оралмады. Бұл ретте 38 жетісулық Кеңес Одағының Батыры, 5-еуі Даңқ орденінің толық иегері, 58-і ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері атанды. Майдан даласында және тылда Жеңіс үшін жан аямай күрескен барша батырлардың есімі мен ерлігі ұрпақтар жадында мәңгі сақталады.
- 09.05.2025
- 38