- Блогтар
- Мырзабосынов Е.Қ.
Мырзабосынов Е.Қ.
ҚР Туризм және спорт министрі
Қазақстан ШЫҰ аясында спорттық ынтымақтастықты нығайтады
Қытайдың Харбин қаласында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің дене шынықтыру және спортты дамытуға жауапты министрліктері мен ведомстволары басшыларының кеңесі өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
Кездесу барысында дене шынықтыру мен спортты дамыту, тәжірибе алмасу және ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы мемлекетаралық өзара ынтымақтастықты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.
Ербол Мырзабосынов бүгінде спорт саламатты қоғамды қалыптастыруда ғана емес, халықтар арасындағы дипломатиялық және мәдени байланыстарды дамытуда да аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Спорт – жай ғана денсаулық пен белсенді өмір салты емес, халықтар арасындағы сенім мен достықты нығайтатын, мәдени алмасуға жол ашатын тиімді дипломатиялық құрал. ШЫҰ – ынтымақтастық, бейбітшілік пен серіктестіктің ортақ кеңістігін құру ұстанымымен жұмыс істейді. Біз тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларды талқылай отырып, ұйым аясында ғана емес, жаһандық деңгейде де ортақ спорттық күн тәртібін қалыптастырамыз», – деді Ербол Мырзабосынов.
Сондай-ақ министр жиында Қазақстанның дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарына тоқталды. Елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі таңда халықтың 41%-дан астамы жүйелі түрде спортпен айналысады. Бұдан бөлек спорттық инфрақұрылымды дамыту, жаңа нысандар салу, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін қолдау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде республикада 114 спорт түрі бойынша 521 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді.
Жиын барысында Алматыдағы «Алматы» Олимпиадаға дайындық орталығы таныстырылды. Бұл кешенде бір уақытта 2 300-ден астам спортшыны қабылдай алатын тоғыз заманауи спорт нысаны орналасқан. Қазақстан ШЫҰ елдерінің спорт делегацияларын бірлескен оқу-жаттығу жиындарын өткізу және техникалық ынтымақтастықты нығайту үшін қабылдауға дайын екенін білдірді.
Ербол Мырзабосынов ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің делегацияларын 2026 жылы жазда Астанада өтетін «Болашақтың ойындары» дәстүрлі спорт түрлері мен киберспортты біріктіретін бірегей турнирге қатысуға шақырды.
- 22.05.2025
- 9