- Блогтар
- Байханов А.
Байханов А.
Павлодар облысының әкімі
Облыс әкімі Асайын Байханов ардагерлермен кездесті
Oблыста маңызды кездесу өтті - өңір басшысы Асайын Байханов ардагерлер ұйымының өкілдерімен жүздесіп, пікір алмасты. Күн тәртібінде аға буынды толғандыратын мәселелер, соның ішінде әлеуметтік қолдау, медициналық қызметтерге қолжетімділік және жастарға патриоттық тәрбие беру мәселелері болды.
Ақсақалдарға арнаған сөзінде облыс әкімі белсенді өмірлік ұстанымы, азаматтық борышына адалдығы және қоғамдағы тұрақтылық пен ұйымшылдықты қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлестері үшін ризашылығын білдіріп, шынайы алғысын айтты
Cіздермен жүздесіп отырғаным мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер еліміздің өркендеуі жолында үлкен үлес қостыңыздар. Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз, азаматтық жауапкершіліктеріңіз және жастар тәрбиесінде алатын орындарыңыз айрықша, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Ардагерлер кеңесі - 120 мыңнан астам адамды біріктіретін аймақтағы ең үлкен қоғамдық ұйым. Облыс басшысы ақсақалдардың мүдделеріне қатысты барлық мәселелерді жеке өзі қадағалайтынын және ардагерлер активі көтерген әрбір тақырыпты терең қарастыратынын атап өтті.
Талқыланған тақырыптардың бірі - медициналық көмектің қолжетімділігі. Ардагерлер дәрігерлерге жазылу және рецепт бойынша дәрі-дәрмектерді алу кезіндегі қиындықтарды айтты. Облыс әкімі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметековке осы мәселелерді әр емханамен жеке-жеке пысықтауды тапсырды. Сонымен қатар, басқармада ардагерлер кеңесімен медициналық мәселелер бойынша тікелей айналысатын жауапты тұлға бекітілді.
Ұлы Отан соғысы жылдарында туған ардагерлерге «Соғыс балалары» мәртебесін беру туралы ұсынысқа ерекше назар аударылды. Бұл бастама әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайтуға, оның ішінде қосымша төлемдер алуға бағытталған. Асайын Байханов бұл сұрақты заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне жолдайтынын жеткізді.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев «Отанға қызмет ету, адамға көңіл бөлу» ұранымен өскелең ұрпақпен жұмысты жандандыру туралы ұсыныс жасады. Облыс әкімі бұл бастаманы қолдап, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жыл сайын үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің қатысуымен патриоттық тәрбие беру бағдарламалары іске асырылатынын атап өтті.
Кездесу аясында ардагерлер ұйымдарының тиімді жұмыс істеуі үшін жағдайды жақсарту шаралары талқыланды. Өңір басшысы жақын арада аудандық ардагерлер кеңестерін ноутбук және интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан басқа, ардагерлер активінің бастауыш ұйымдарға баруы үшін арнайы көлік бекітілетін болады.
Кездесу барысында ардагерлермен пікір алмасып, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және жергілікті билік органдарымен өзара қарым-қатынасқа байланысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Облыс әкімі сөз сөйлеген әрбір адамды мұқият тыңдап, әрбір өтініш бойынша нақты тапсырмалар берді.
- 27.05.2025
- 12