- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында биыл 12,75 шақырым жылу желісі жөнделеді
Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Еркін Алтишев хабарлады.
Жиында 2024–2025 жылғы жылыту маусымының қорытындылары шығарылып, 2025–2026 жылғы маусымға дайындық барысы сараланды.
2025 жылдың 14 сәуірінде жылыту маусымы аяқталды. Маусым барысында 9 жылу энергетика кешені мен 593 автономды қазандық штаттық режимде жұмыс істеді. Нәтижесінде 1 737 әлеуметтік маңызы бар нысан мен 1 646 көпқабатты тұрғын үйге жылу тұрақты жеткізілді.
Жылыту кезеңінде автономды қазандықтарға 61,3 мың тонна, тұрғындарға 144,8 мың тонна көмір жеткізілді. Қысқы маусымда қатты отын тапшылығы орын алған жоқ.
Жылу көздері мен инженерлік инфрақұрылым желілерінде 160 технологиялық бұзушылық тіркеліп, дер кезінде қалпына келтірілді. Жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізіліп, анықталған ақаулар жөнделді.
Жазғы кезеңде Тараз қаласындағы 1025 көпқабатты тұрғын үйдің 921-іне ыстық су берілді. Қалған 104 үйге ыстық су жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін беріледі.
2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта 616 автономды қазандықта, 1 831 көпқабатты тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысанда тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Өңірде жалпы ұзындығы 350,7 шақырым жылу желісі бар. Олардың тозу деңгейі – 54 пайыз.
Биыл 12,75 шақырым жылу желісін жөндеу жоспарланған.
Атап айтқанда, Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралінің 1,5 шақырымы, М-3 жылу желісінің 0,65 шақырымы қайта жаңғыртылып, 15 шағынаудандағы жылу желілері 0,5 шақырымға кеңейтілуде.
Сондай-ақ Жаңатас қаласында – 0,9 шақырым, Қаратау қаласында – 2,7 шақырым жылу желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламалары аясында қосымша 6,5 шақырым жылу желісіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған.
Жыл соңына дейін жылу желілерінің тозу деңгейі 53 пайызға төмендейді деп күтілуде.
2025-2026 жылғы жылыту маусымына жалпы 191,2 мың тонна көмір қажет. Оның ішінде: әлеуметтік нысандарға – 56,3 мың тонна, тұрғындарға – 134,9 мың тонна.
Басқосуда Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің, сондай-ақ әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшыларының алдағы жылыту маусымына дайындық барысы бойынша есептері тыңдалды.
Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының әкіміне М-1, М-3 жылу магистральдары мен 15-шағынаудандағы жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстарын мерзімінде аяқтауға ерекше назар аударуды, бұл мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ жөндеу және жаңғырту жұмыстары сапалы орындалып, тұрғындарға қолайсыздық туындатпауы тиіс екенін атап өтті.
Аппараттық кеңесте облыс әкімінің Мойынқұм ауданы халқымен кездесуде және жеке қабылдауда берген тапсырмаларының орындалу барысы сараланды.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға жылыту маусымына дайындық шараларын толық көлемде іске асыру, әлеуметтік нысандар мен тұрғындарды қатты және дизель отынымен қамтамасыз ету мақсатында 1 шілдеге дейін тиісті келісімшарттар жасасу, сондай-ақ берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындау тапсырылды.
- 04.06.2025
- 11