- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Исабаев Б.Ө.
Жетісу облысының әкімі
Қаратал ауданының тұрғындарымен кездесу өткіздім
Қаратал ауданында бүгінгі күні егін жинау науқаны барысында 3,2 мың гектар масақты дәнді дақылдар орылып 5,8 мың тонна астық бастырылды орташа гектар өнімділігі 19 центнерді құрап отыр. Биылғы жылдың 6 айында 7,5 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, оның ішінде мал шаруашылығы өнімі 62,8%-ға артқан.
Былтырдан бастап ауданда 193,4 шақырым суару арналарына жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар жылдар бойы қайырланып қалған суару каналдарын тазалау жұмыстары да басталған. Бұл жұмыстар өз кезегінде алқаптарға су беруді жақсарта түспек.
Сондай-ақ өткен алты айда былтырғы жылмен салыстырғанда 1,7 есе өсіммен ауданға 6,5 млрд. теңге инвестиция тартылған, соның 2,7 млрд. теңгесі жеке инвестициялар.
Аудандағы 35 елді мекеннің 33-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Қазан айында Ұмтыл ауылының тұрғындары да таза ауыз суға қол жеткізеді, Қанабек ауылында ауыз су жүйесі күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Көп жылдардан бері шешімін таппай келген Көпбірлік ауылының ауыз су мәселесін жақсарту үшін тұщыландыру құрылғысы орнатылды. Ал жол мәселесінде мен уәде бергендей, ұзақ жылдар жөндеу көрмеген облыстық маңызы бар 176 шақырым «Үштөбе-Көпбірлік» автомобиль жолы толық жөнделіп, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте елді мекендердің жергілікті маңызы бар жолдары кезең-кезеңімен жөнделетін болады.
Сонымен қатар аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдадым.
- 22.08.2025
- 23