- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен суицидтің алдын алу мәселесі талқыланды
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Өздеріңізге белгілі, соңғы уақытта өңірде балалар мен жасөспірімдерге қатысты бірқатар қайғылы жағдайлар орын алып, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызған болатын. Соған сәйкес облыста арнайы жұмысшы топтары құрылып, мектептер мен колледждерде түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, әртүрлі құқықбұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қаралғаны ескертілді.
Жоғары сыныптағы 60 896 оқушы мен 6 969 колледж студентінен сауалнама алынды. Оның қорытындысы балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде жүйелілік пен тиімділіктің жеткіліксіз екенін көрсетті. Әсіресе жасөспірімдер арасында әлімжеттік, қорқыту, ақша бопсалау сынды келеңсіз жайттардың әлі де кездесетіні байқалады.
Осыған байланысты жауапты тұлғаларға анықталған деректерді мұқият зерделеп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым. Сондай-ақ өңірлік психологиялық қолдау орталығының жұмысын жандандыру, бейнебақылау жүйелерінің толыққанды және сенім телефонының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, профилактикалық шараларды күшейту міндеттелді.
Сонымен бірге әр білім беру ұйымына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторды бекітіп, жеке жауапкершіліктерін күшейту, түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқан кәмелетке толмағандар туралы бейнематериалдар әзірлеп, көрсету, тәртіпке көнбейтін оқушыларға қатысты бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу және оларды тиісті есепке қою, есепте тұрған оқушыларға қатысты нақты шаралар қабылдап, қажет жағдайда арнайы мектептерге орналастыруды қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар жүктедім.
Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелері облыс әкімі жанындағы Жедел штабтың тұрақты күн тәртібіне шығарылып, жеке бақылауымда болады.
Оқушылардың құқық бұзушылыққа қатысы бар фактілерін жасыру жағдайларында білім беру ұйымдарының басшыларын лауазымынан босату тәжірибесі енгізіледі.
Жоғарыдағы өзекті жайттарды ескере отырып, өңірде балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейту мақсатында Бала құқықтарын қорғау басқармасын құру жұмыстары жүзеге асуда. Бұл құрылымның басты міндеті – әр баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарының сақталуын тұрақты бақылауда ұстау болмақ.
Жалпы, бұл мәселе тек бір саланың ғана емес, барша қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір ата-ана, мұғалім және уәкілетті орган өкілі жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен амандығы үшін бірігіп жұмыс істеуі тиіс!
Қазір – білекпен емес, біліммен бәсекелесетін заман. Мемлекет басшысы атап өткендей, бүгін саналы ұрпақ тәрбиелей алсақ, ертең өркениет көшінің алдыңғы қатарында боламыз.
- 03.11.2025
- 5


