- Блогтар
- Қосанов Д.Ж.
Қосанов Д.Ж.
ҚР Қорғаныс министрі
Қорғаныс министрлігінде Халық қаһарманы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдық мерейтойына орай құрмет көрсетілді
Армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың 80 жылдығына арналған салтанатты шара ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткерін құттықтауға Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов, Қарулы күштердің ардагерлері, гарнизон әскери қызметшілері, мерейтой иесінің туған-туыстары келді.
Айтулы датаға орай Әскери-тарихи мұражайда атақты ұшқыштың әскери жолына арналған экспозиция дайындалды. Одан бөлек әскери қолбасшы жайлы естеліктер жинақталған «Мұзбалақ» кітабының тұсаукесері өтті. Салтанатты шара армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың өмірі туралы деректі фильм көрсетуден басталды.
Жас Мұхтар Алтынбаев еңбек жолын Қарағанды қаласының шахтасынан бастады. Кеншілердің еңбек жолы оның есінде мәңгі қалды, өйткені өзі де шахтерлар отбасында өскен Мұхтар Қапашұлы жер астындағы жұмыстың әскери ұшқыштың еңбегіне ұқсас екенін жақсы біледі. Кенжардағы ұңғымашының да, ұшақтың штурвалындағы ұшқыштың да алдында не күтіп тұрғаны белгісіз. Кенші болу оңай емес, дегенмен авиация да адамнан төзімділікті, батылдық пен беріктікті талап етеді.
Қорғаныс министрі әскердің негізі Мұхтар Алтынбаев сынды мықты қолбасшының шешімдері мен кәсіби білігі арқылы қалыптасқанын атап өтті. Қорғаныс ведомствосының басшысы мерейтой иесінің елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға, Қарулы күштерді техникалық жарақтандыруға, әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қалыптасуына, армияның жауынгерлік дайындығының жалпы деңгейін арттыруға және әскери кадрларды даярлау жүйесін жаңғыртуға қосқан ерекше үлесін айта кетті.
– Сіз талай офицерлердің тәлімгерісіз. Оларға тек білім ғана емес, сонымен қатар қызметтік борышын адал және шынайы орындаудың құндылықтарын да үйреттіңіз, – деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Халық қаһарманы, отставкадағы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 1964 жылдан бастап Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды аэроклубында оқыған кезінен басталған мерейтой иесі туралы естеліктерін бөлісті.
– Бізде аспан әлеміне деген сүйіспеншілік болды. Бірге ұштық, бірге парашютпен секірдік, – деді Халық қаһарманы. – Біраз жылдар өткен соң алдағыны көре білу машығы Мұхтар Қапашұлына қорғаныс министрі лауазымында кәдеге жарады.
Армия генералы Мұхтар Алтынбаев өз кезегінде Бауыржан Момышұлының: «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген сөздерін мысалға келтірді. Ол әскери қызмет бабымен қай жерде жүрсе де өзінің қазақ екенін мақтан етті.
Іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблі шығармашылық ұжымының мерекелік концертімен аяқталды. Патриоттық әндер мен билер Отан қорғаушы мамандығына көрсетілген құрмет ретінде көрерменді жігерлендірді.
- 12.12.2025
- 4


