- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
«Жарқыра, Жаңа жыл»: Таразда облыс әкімінің шыршасы өтті
Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Жамбыл облысы әкімінің дәстүрлі Жаңа жылдық шыршасы ұйымдастырылды.
«Жарқыра, Жаңа жыл» атты мерекелік кешке өңір басшысы Ербол Қарашөкеев қатысты.
Шырша думанына Тараз қаласы мен аудандардан арнайы шақырылған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 100-ден астам бүлдіршін қатысты. Оларды әсем безендірілген сахна, шаттыққа толы әуендер мен ертегі әлеміне жетелейтін кейіпкерлер қарсы алды.
Сахна төрінде ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен театрландырылған қойылымдар қойылып, ән мен биге құрылған жарқын көріністер ұсынылды. Мерекелік бағдарлама балаларға ерекше әсер сыйлап, шаттық пен қуанышқа бөледі.
Мереке соңында барлық балаға Жамбыл облысы әкімінің атынан 80 мың теңгелік сертификат пен тәтті сыйлық табысталды.
Айта кетейік, жыл бойы түрлі жетістіктерге жеткен бес мектеп оқушысы Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Астана қаласында өтетін «Жаңа жыл республика төрінде» атты бас шыршаға жолдама алды.
Сонымен қатар 25 желтоқсан күні Тараз қаласында «Ғажайып оқиғаларға толы Жаңа жыл!» тақырыбында Мемлекет басшысының атынан 200 балаға арналған мерекелік кеш ұйымдастырылған болатын.
- 29.12.2025
- 6


