- Блогтар
- Қосанов Д.Ж.
Қосанов Д.Ж.
ҚР Қорғаныс министрі
Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар!
Сіздерді Жаңа 2026 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Өткен жыл еліміз үшін жауапты шешімдер мен жүйелі жаңғыру кезеңі болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында орнықты әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, ауқымды цифрландыру мен заманауи технологияларды енгізуге, азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған ұлттық дамудың негізгі басымдықтары айқындалды. Бұл ретте барлық реформалардың өзегінде адам және ұлттық тұрақтылықты нығайту тұрғаны ерекше атап өтілді. Аталған бағдарлар мемлекеттік органдар қызметінің басты бағыттарын белгілеп, ортақ жұмысымыздың берік негізіне айналды.
Қазақстан экономикалық әлеуетін нығайта отырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтіп, қауіпсіздік пен азаматтардың әл-ауқаты басты басымдық саналатын заманауи, жауапты әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде сенімді даму жолын жалғастырды.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштері үшін өткен жыл қарқынды қызметке, жоғары талаптар мен маңызды нәтижелерге толы болды. Жауынгерлік дайындық жүйесін жетілдіруге, заманауи ақпараттық және басқару технологияларын енгізуге басымдық берілді. Патриоттық тәрбие мен идеологиялық жұмыс, әскери қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асырылды.
Бүгінде Қарулы күштердің әскери қызметшілері жауынгерлік кезекшілікті абыроймен атқарып, оқу-жаттығулар мен дайындықтарға қатысып, елдің қорғанысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ миссиялары аясында, соның ішінде Голан жоталарында, жүктелген міндеттерді лайықты орындап, мемлекеттің халықаралық беделін нығайтуға өз үлесін қосып келеді.
Бүгінгі мерекеде Қарулы күштердің жеке құрамына, сондай-ақ басқа да күштік құрылымдардың әскери қызметшілеріне кәсібилігі мен бірлескен үйлесімді қызметі үшін шынайы алғысымды білдіремін. Әрине, ерекше ризашылық – сіздердің отбасыларыңызға. Олардың төзімі, сабыры мен қолдауы әскери қызметтегі ең сенімді тірек екені сөзсіз.
Келген 2026 жыл жасампаздықтың, жаңа мүмкіндіктер мен нық қадамдардың жылы болсын. Бірлік, жауапкершілік және Отанға адалдық алдағы уақытта да басты құндылықтарымыз болып қала берсін.
Қарулы күштердің бүкіл жеке құрамына және барша отандастарға зор денсаулық, бақ-береке, қызметте табыс, ашық аспан тілеймін!
- 01.01.2026
- 3


