- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ПЫСЫҚТАЛДЫ
Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткізілді. Күн тәртібінде көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық пысықталды.
Өңір аумағында тоңның қалыңдығы орта есеппен 28-83 см аралығында. Ақпанда жауын-шашынның айлық мөлшері облыстың басым бөлігінде нормадан көп болады деп болжанып отыр. Тасқала ауданы аумағында Бірінші Шежін, Екінші Шежін, Деркөл өзендері және Бәйтерек ауданы аумағында Деркөл, Быковка, Шаған өзендерінің су деңгейі қауіпті межеге жетуі мүмкін. Аталған 2 аудан мен Орал қаласы су тасқыны қаупі жоғары аймақтарға жатады. Көршілес елдегі Ирикла су қоймасы 83 пайыз толтырылған, төменгі ағысына секундына 90 текше метр су тасталуда. Алдын ала болжам бойынша биыл Жайық өзенінен төнетін қауіп төмен.
Көктемгі су тасқыны кезеңінде тартылатын күштер мен құралдар қатарында 4568 адам, 2009 бірлік техника, 128 жүзу құралы мен 482 мотопомпа бар.
Мұратсай, Қараоба су қоймаларын қайта құру бойынша ЖСҚ дайындалды. Су қоймаларын күрделі жөндеуге арналған 19 жобаның 6-сы бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Биыл Тасқала ауылы маңында Деркөл өзенінің арнасы кеңейтіледі. 104 гидротехникалық құрылымның 81-і «Батысирригация» мекемесінің теңгеріміне алынды. Қалдығайты, Жақсыбай, Утва өзендері арқылы өтетін 3 көпір құрылысына ЖСҚ әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті.
Су тасқыны кезеңінде қауіпті учаскелерде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру, инертті материалдар мен қажетті техникаларды алдын ала жеткізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
- 16.02.2026
- 13


