- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық
Бүгін аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Жиында Қостанай облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ибрагим Бекмұхамедов баяндама жасады. «Казгидромет» РМК Қостанай облысы бойынша филиалының директоры Адель Ахметов, Қарабалық ауданының әкімі Руслан Халықов, Қарасу ауданының әкімі Қайрат Оспанов, «Агро ПАРАСАТ» серіктестігінің директоры Азамат Жолаушыбаев, «Балталы Ltd» серіктестігінің директоры Аслан Шамұхан өз салалары бойынша қосымша баяндады.
Ел Президенті ауыл шаруашылығының әлеуетін толық ашылмағанын атап өтіп, оны жаңа деңгейге көтеру қажеттігіне назар аударды. Мемлекет тарапынан көктемгі дала жұмыстарын сапалы өткізу үшін барлық қолайлы жағдай жасалуда. Яғни, үшінші жыл қатарынан қомақты қаражат бөлінуде. Атап айтқанда, республика бойынша егін егу және күзгі астық жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемі былтырғыдай 1 трлн теңге көлемінде қалып, оның ішінде техниканы лизингке алуға 300 млрд теңге қарастырылған. Ал, фермерлерге жеңілдетілген бағамен 402 мың тонна жанармай бөлу көзделген.
«Қазіргі уақыттағы біздің басты міндетіміз – көктемгі дала жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу», – деді аймақ басшысы.
2025 жылғы 1 қазаннан бастап 2026 жылғы егіс жұмыстарын жүргізу үшін АӨК субъектілерін қаржыландыруға өтінімдер қабылдау басталғанын атап өткен жөн. Бүгінгі күнге дейін 5% жылдық мөлшерлемемен 19,2 млрд теңгеге 260-тан астам шаруашылық қаржыландырылды. Ал егер несие жарты жылға рәсімделсе, мөлшерлеме 2,5% құрайды.
Сонымен қатар, 2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бойынша «АО «НК «Продкорпорация»» арқылы облысқа бөлінген қаржы көлемі 2,8 есеге ұлғайтылды. Егер 2025 жылы 5,4 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 15 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру жұмыстары белсенді кезеңде жүргізілуде.
Облыс әкімі атап өткендей, соңғы үш жылда өңірдің егіс алқаптарының құрылымы айтарлықтай өзгерді. Дәнді-бұршақты дақылдар алқабы 84,4%-ға, ал майлы дақылдар 32,1%-ға кеңейтілді. Бұл өңірдің әртараптандырылған егіншілік моделіне қарай бет алғанын көрсетеді.
«Халықты әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің негізгі түрлерімен жергілікті өндіріс есебінен қамтамасыз ету қажет. Биыл картоп алқабы 7,5 мың га, ал қарақұмық алқабы 17,1 мың га жетеді деп жоспарлап отырмыз. Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу қажет», – деді Құмар Ақсақалов.
Өңірде жеңіл лизинг бағдарламасының арқасында 2025 жылы 57 млрд теңгеге 1,3 мың техника мен агрегат сатып алынған. 3 жыл ішінде 4 мыңға жуық ауыл шаруашылық техникасымен толықты. Қазіргі уақытта облыста барлығы шамамен 28 мың ауылшаруашылық техникасы бар. Оның 7%-ті жаңартылған.
Биыл лизингке қарастырылған 300 млрд теңгенің 45 млрд теңгесі біздің облысқа бөлініп отыр. Облыс бойынша минералды тыңайтқыштарды енгізу жоспары 433,7 мың тоннаны құрайды. Оларды субсидиялауға 11 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.
- 03.03.2026
- 5


