- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Заманауи цифрлық өңірге айналу – маңызды міндет
Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен Қостанай облысының Цифрлық штабының отырысы өтті.Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.
Күн тәртібі аясында Қостанай облысында «ақылды қалалар» құру стратегиясын іске асыру мәселесі қаралды.
Баяндамамен Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Қашиев сөз сөйледі. Қосымша баяндамашылар ретінде Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев, Қостанай облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азамат Сабыржан, сондай-ақ «ЭКОСЕРВИС-2030» ЖШС директоры Виталий Сиухов баяндама жасады.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасының «Smart City» эталондық стандарты аясында жүзеге асырылып жатқан Қостанай қаласы мен облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын цифрландырудың ағымдағы нәтижелері ұсынылды.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығында жалпы сомасы шамамен 242 млн теңгені құрайтын 6 негізгі цифрлық жоба іске асырылғаны атап өтілді. Басым бағыттардың қатарында – Ситуациялық орталық пен «AiKey» ақпараттық жүйесін дамыту, коммуналдық салада цифрлық бақылау сервистерін енгізу, сондай-ақ тұрғындарға арналған 78 қызметті біріктіретін «Smart Qostanai» қалалық цифрлық платформасын дамыту бар.
Отырыс барысында қалалық инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, көшелерді жарықтандыруды автоматтандыру, бағдаршам нысандарын жаңғырту, «ақылды» аялдамаларды енгізу, коммуналдық қызметтерді есепке алуды цифрландыру, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыру шаралары қаралды.
Сонымен қатар 2026 жылға жоспарланған жобалар талқыланды. Олар жасанды интеллект технологияларын одан әрі енгізуді, бейнебақылау жүйелерін дамытуды, сондай-ақ «ақылды» көлік пен қалалық ортаны мониторингтеу саласындағы пилоттық шешімдерді іске асыруды қамтиды.
Отырыс барысында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірді цифрландырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті:
«Біз заманауи цифрлық өңірге айналу үшін жоспарлы түрде күш салуымыз керек. Осы жылдың аясында кәсіпорындарда озық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллект саласындағы шешімдерді енгізу бойынша бірқатар жобаларды іске қосу көзделіп отыр. Бұл ретте олардың сапасы мен өңір экономикасына әкелетін нақты пайдасы да маңызды. Облыста 900-ден астам өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, KIA және KamlitKZ зауыттарында 117 өнеркәсіптік «ақылды» робот жұмыс істейді (2023 жылы – небары 3). Тау-кен өндіру кәсіпорындарында да 28 робот енгізілген. Бүгінде егістік жерлердің 100%-і, жайылымдардың 90%-і және шабындықтардың 95%-і цифрландырылған. Мал шаруашылығында 7 заманауи «ақылды» сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді, ал өсімдік шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік технологиялары енгізілген. Smart City бағыты бойынша да айтарлықтай ілгерілеу байқалады – соңғы үш жылда облыстың Жедел басқару орталығына қосылған камералар саны 2023 жылғы 102-ден 2025 жылы 285-ке дейін өсіп, 2,8 есеге артты».
Отырыс қорытындысы бойынша халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, қалалық басқару тиімділігін күшейтуге және заманауи, қауіпсіз әрі технологиялық қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған цифрландыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі атап өтілді.
- 03.04.2026
- 7


