- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Илья Жақанов 90 жаста: жамбылдықтар көрнекті тұлғаға құрмет көрсетті
Жамбыл облысында Қазақстанның Еңбек Ері, композитор, жазушы, өнер зерттеушісі Илья Жақановтың 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті.
Айтулы датаға арналған мерекелік іс-шаралар легі салтанатты концертпен түйінделді. Кеш қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның шығармашылық мұрасына арналды.
«Баласағұн» орталық концерт залында мерейтой иесін ақ жаулықты әжелер зор құрметпен қарсы алып, әннен шашу шашты.
Салтанатты жиынға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері, ардагерлер мен жастар қатысып, жылы лебіздерін білдірді.
Өңір басшысы өз сөзінде Илья Жақановтың қазақ мәдениеті мен өнеріндегі айрықша орнына тоқталды.
– Қазақтың ән өнері мен әдебиеті жайында сөз қозғалса, ең алдымен ойға саз өнерінің саңлағы, сөз өнерінің зергері, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Илья Жақанов ағамыз оралады.
Сіз – саз бен сөз өнерін қатар өрбітіп, қылқаламды жанына серік еткен сирек болмысты тұлғасыз. Өмір жолыңыз өнерге адалдықтың, еңбекке табандылықтың және ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі. Өнер зерттеушісі ретінде ұлттық мәдениеттің тереңіне бойлап, көптеген жас талантқа бағыт-бағдар бердіңіз. Сіздей тұлғалардың өнегесі – кейінгі буын үшін сарқылмас рухани мектеп.
Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, шығармашылық шабыт тілеймін! Халқымыздың рухани көгінде қырандай самғай беріңіз, қадірлі Илья аға! – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев Илья Жақанов пен жұбайына құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жауып, пәтер кілтін салтанатты түрде табыстады.
Өз кезегінде Илья Жақанов жерлестерінің ыстық ықыласы мен көрсеткен құрметіне шынайы ризашылығын білдірді.
Концерт барысында сазгердің ел жүрегінен орын алған танымал әндері орындалып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Сондай-ақ қонақтар Илья Жақановтың өнердегі өнегелі жолы мен ұлттық мәдениетке сіңірген еңбегі кеңінен дәріптелген көрмені тамашалады.
- 18.05.2026
- 5


