- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ОРАЛДА ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЛОГИСТИКАЛЫҚ ХАБТЫҢ ІРГЕТАСЫ ҚАЛАНДЫ
Батыс Қазақстан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту, өнеркәсіпті дамыту және өңірлік инфрақұрылымды күшейту жөніндегі тапсырмалары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Орал қаласында бой көтеретін Еуразиялық логистикалық хаб.
Бүгін «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен аталған ірі инвестициялық жобаның іргетасын қалау рәсімі өтті. Жобаның бастамашысы – Eurasia Holding Group құрамына кіретін «Jinone Excellence Investment» ЖШС.
Жоба 20 гектар аумақта іске асырылады. Инвестиция көлемі – 130 миллион АҚШ доллары. Бұл бастама өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, халықаралық логистикалық байланыстарды дамытуға да тың серпін береді.
Кешен құрамында: жылына 30 мың тоннаға дейін өнім шығаратын болат конструкциялары зауыты; жылына 60 мың данаға дейін құрылыс қалыптарын өндіретін зауыт; жыл сайын 250 мың бухтаға дейін BV типті кабель шығаратын өндіріс орны іске қосылады.
Нысанды осы жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде 510 тұрақты жұмыс орны ашылады.
Еуразиялық логистикалық хабтың негізгі артықшылығының бірі – халықаралық стандарттарға сай ашық үлгідегі «А» санатындағы кеден қоймасының құрылуы. Бұл қойма қытайлық электрондық коммерция компанияларының, ресейлік трейдерлер мен еуропалық жүк жөнелтушілердің жүктерін сақтау және өңдеу қызметін атқарады.
Аталған жоба Батыс Қазақстан облысының транзиттік және логистикалық әлеуетін күшейтіп, халықаралық сауда байланыстарын кеңейтуге, жаңа өндірістерді дамытуға және өңір экономикасының тұрақты өсіміне ықпал етеді.
- 28.05.2026
- 3


