- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
СҮТ ТУРЫ: Қостанай облысындағы 13 сүт-тауарлы фермасы жобасының 4-еуі Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатыр
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барып, агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сүт-тауарлы мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.
«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз өз өндірісіміздің көлемін ұлғайтуымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Осы мақсатта өткен жылы қуаттылығы 46 мың тонна болатын 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 34 мың тонна болатын тағы осындай 6 ферма салынып жатыр, оның 5-і биыл іске қосылады.
Жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 49,3 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 220-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы уақытта тағы 210 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, облыста жүзеге асырылып жатқан 13 сүт-тауар фермасының 4-еуі дәл осы Алтынсарин ауданында.
Бүгінгі таңда «Тапаев Т.Б.» және «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалықтарының фермалары пайдалануға берілді. Ал «Қуанышбаев К.М.» шаруа қожалығы мен «Дукас» ЖШС сүт-тауарлы фермалары салынып жатыр.
Сапардың алғашқы нысаны – Обаған ауылындағы «Дукас 2020» ЖШС-нің салынып жатқан сүт-тауар фермасы. Жобаның жалпы құны 3 млрд 270 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 300 млн теңге кәсіпорынның меншікті қаражаты болса, 2 млрд 970 млн теңге «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жоба бойынша симментал тұқымды 400 бас ірі қара мал ұсталады. Ферма пайдалануға берілгеннен кейін жылына 3 200 тонна сүт өндіріліп, 25 жаңа жұмыс орны ашылады.
Келесі нысан – Большой Чураков ауылының сыртындағы «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасы. Жобаның жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 386 млн теңге – меншікті қаражат, 3 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты және 232,8 млн теңге – екінші деңгейлі банктер арқылы тартылған қаржы. Жоба аясында 400 бас сауын табынына арналған ферма құрылып, голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алу көзделген. Жыл сайын 2 500 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Кәсіпорында 26 жаңа жұмыс орны ашылады.
Тағы бір ірі жоба – Новоалексеев ауылындағы «Қуанышбаев Қ.М.» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан сүт-тауарлы фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 311 млн теңге – шаруашылықтың меншікті қаражаты, ал 2,8 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма 400 бас симментал тұқымды ірі қара малға есептелген. Жобалық қуаттылығы жылына 2 800 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 26 жаңа жұмыс орны ашылады. Шаруа қожалығының басшысы Гүлнар Қуанышбаеваның айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың басында аяқтау жоспарланған.
«Аймағымызда 13 сүт-тауар фермасы толық жобалық қуатына шыққан кезде ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісі екі есеге жуық артып, 85 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 75%-дан 86%-ға дейін өседі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Ал Алтынсарин ауданында барлық 4 сүт-тауар фермасы толық іске қосылғаннан кейін және жобалық қуатқа шыққан соң, аудандағы сүт өндірісі жылына 6,7 мың тоннадан 19,3 мың тоннаға дейін ұлғайып, 2,9 есеге артады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге және облыс экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Олжа Беляевка» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов өсімдік шаруашылығындағы қазіргі жағдай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі және егіс науқанының өту барысы жөнінде баяндады.
Сондай-ақ, облыс әкіміне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді.
Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы сүт-тауарлы мал шаруашылығын дамыту өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, заманауи сүт-тауар фермаларын іске қосу сапалы өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.
- 03.06.2026
- 4


