- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың ҚР Мемлекеттік рәміздері күнімен құттықтауы
Құрметті қостанайлықтар!
Ардақты жерлестер!
Сіздерді 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Тәуелсіздіктің тұғыры, ұлттық рухымыздың символы. Қазақта «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бізді көк паспортымыз, реформалардың жасампаз қуатына деген ортақ мақсат пен мызғымас сенім біріктіреді.
Осы бағыттағы маңызды тарихи қадамдардың бірі – 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция. Ата Заң – мемлекет тұрақтылығының кепілі, ел бірлігінің берік негізі. Конституцияда айқындалған басты құндылықтар – адам құқығы, заң мен тәртіп, әлеуметтік әділдік және жауапты азаматтық қағидаттары бүгінде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналды.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Конституция арқылы заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз етіп, береке-бірлігімізді сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз, – деп атап өтті.
Қостанай облысында да ауқымды өзгерістерді кезең-кезеңімен қолға алып жатырмыз, бұны даму қарқынынан анық байқауға болады.
Мемлекет басшысы ел экономикасының жыл сайынғы өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету жөніндегі стратегиялық міндетті белгіледі. Соңғы екі жыл бойы біз бұл тапсырманы дәйекті түрде орындап, тұрақты оң динамика көрсетіп келеміз.
Мәселен, 2024 жылы экономика өсімі белгіленген 6 пайыздық көрсеткіштен асып, 8,3 пайызды құрады. Ал 2025 жылы жоспарланған 6,5 пайыздық көрсеткіш кезінде өсім 8,2 пайыз деңгейіне жетті. Биылғы міндет – экономикалық өсімді 6 пайыздан төмен түсірмей, оң динамиканы сақтау.
Қазіргі уақытта Қостанай облысы Қазақстанның машина жасау орталығы болып табылады. Біз еліміздің машина жасау саласы өндірісінің жалпы көлемінің 25 пайызын өндіреміз. Алдағы уақытта бұл үлес одан әрі арта түседі.
Жаңа өндірістер құрылуда. Егер 2022 жылы өңірде 4 ірі машина жасау зауыты жұмыс істеген болса, олар: «СарыарқаАвтоПром» ЖШС, «АгромашХолдинг KZ» АҚ, «МТЗ-Қазақстан машина жасау зауыты» ЖШС және «Қостанай трактор зауыты» ЖШС.
Соңғы үш жылда тағы бес заманауи өндіріс пайда болды. Олар: Kia автомобиль зауыты, жүк техникасына арналған жетекші көпірлер өндіретін зауыт, жүк автомобильдеріне арналған блоктар мен блок бастиектерін өндіретін зауыт, теміржол көлігіне арналған серіппелер шығаратын зауыт және жеңіл автомобильдерге арналған автокомпоненттер өндіретін зауыт іске қосылуға дайындалуда.
3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Агроөнеркәсіптік кешенде 7 ірі сүт-тауар фермасы салынды, биыл тағы 5 ферманы ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, «S-Agro Borovskoe» ЖШС-нің құрғақ бие сүтін өндіретін зауыты, «Аруана-2010» ЖШС-нің заманауи диірмен кешені, «KAIZEN» ЖШС-нің дәнді-бұршақты дақылдарды өңдеу фабрикасы, сондай-ақ «МИЛХ» ЖШС компаниясының қуаттылығы 10 мың тонна болатын ірімшік өндіру зауыты іске қосылды.
«Кондитерлік астана» фабрикасының құрылысын аяқтап жатырмыз. Осы жобаның арқасында облыс еліміздегі кондитерлік өнімдердің ірі өндірушісіне айналады.
Көлік логистикасын дамыту мақсатында облыс орталығында халықаралық «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан стратегиялық маңызы бар «Орталық – Батыс» автожол дәлізінің құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ, биыл Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі жол толық жөнделеді.
Облыстың оңтүстік өңірлерін дамыту мақсатында Арқалық қаласында әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Нысан алдағы бір жарым ай ішінде пайдалануға беріледі. Осылайша, Арқалықтан тікелей Қостанайға, Астанаға және Алматыға ұшақтар ұшады.
Әлеуметтік сала өңір дамуының басым бағыты болып қала береді, ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Соңғы үш жылда 305 ауылдық елді мекенде 1072 көше жөнделді, 185 ауылға кіреберіс жолдар қалпына келтірілді және 76 шақырым тротуар төселді. 98 ауылдағы 293 көше учаскесіне алғаш рет асфальт жабыны салынды.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. 2025 жылы облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 5,4 мыңнан астам отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары өңірімізде жаңа мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау және спорт нысандары ашылып, ауылдық жерлерде инфрақұрылым жаңартылып жатыр.
Тек 2023 жылдан бері облыста 100-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында 6,8 мың оқушы орнына арналған 10 мектеп және 2,3 мыңнан астам балаға арналған 15 балабақша бар.
Қостанай қаласындағы Нариманов базары ауданында, сондай-ақ Тобыл қаласының «Астана» шағын ауданында әрқайсысы 1200 оқушы орнына арналған екі мектеп салынады. Әрқайсысының болжамды құны – 8,4 миллиард теңге.
Соңғы үш жылда фельдшерлік-акушерлік пункттерді, дәрігерлік амбулаторияларды және медициналық пункттерді қоса алғанда, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы 39 нысан салынды. Таяу күндері Қостанай ауданында үлкен емхана ашылады.
Бұдан бөлек, 8 мәдениет нысаны және 39 спорт нысаны салынды. Олардың қатарында 18 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 11 хоккей корты, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жабық иппотерапия манежі және Арқалық қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған интернат бар.
Қазіргі уақытта Үстел теннисі орталығы, жаңа аквапарк, Қостанай қаласының жағалауындағы көпфункционалды стадион салынып жатыр. Сондай-ақ «Астана» шағын ауданында 3 мың орындық жаңа Спорт сарайының құрылысы басталады. Арқалық қаласында «Самұрық-Қазына» қоры заманауи көпфункционалды спорт кешенінің жобасын жүзеге асыруда.
«Қазақстан халқына» қоры Қостанай қаласында мүгедектігі бар адамдарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын қаржыландырады деген келісімге қол жеткізілді. Бұл мәселе ұзақ жылдар бойы шешімін таппаған болатын.
Өз кезегінде, еліміздің Мемлекеттік Туын мен Әнұранын халықаралық ареналарда абыроймен асқақтатып жүрген спортшыларымыз – барша қостанайлықтардың мақтанышы.
Биыл да өңір спортшылары жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Бокстан Азия чемпионы - Надежда Рябец, XXV жазғы Сурдолимпиада ойындарында теннистен командалық сайыста қола жүлдеге ие болған Бижан Төлебаев, Қанат Конкубаев, Данияр Искендиров пен Абылай Бүркітбай – қайсарлық пен табандылықтың айқын үлгісі.
Пара пауэрлифтингтен әлем чемпионы атанған Фархат Мутунов, грек-рим күресінен U-23 әлем чемпионатының күміс жүлдегері Иусуф Мациев – өңір мақтаныштары.
Қостанай өңірі – елге қызмет еткен ұлы тұлғалардың қасиетті мекені. Бұл – Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Бейімбет Майлин сынды Алаш руханиятының алыптарын дүниеге әкелген киелі топырақ.
Олардың ағартушылық идеялары, ұлтқа адал қызмет ету жолындағы өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа рухани бағдар болып келеді.
Бүгінде сол даңқты жолды жалғастырып жүрген дарынды жастарымыз аз емес. Білім саласында халықаралық және республикалық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларымыз өңір мерейін асқақтатып, көк байрағымызды желбіретіп жүр.
Физика пәнінен Азия олимпиадасының қола жүлдегері Әбдіқадір Таир, химиядан халықаралық олимпиаданың күміс жүлдегері Наргиз Абжанова, тіл білімі бойынша Азия-Тынық мұхиты олимпиадасының жеңімпазы Әлібек Қадралинов – Тәуелсіз Қазақстан жастарының жарқын келбеті.
Мәдениет саласында да қостанайлық өнерпаздар ұлттық өнерді дәріптеп, халықаралық деңгейде табысты өнер көрсетіп келеді. «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиев пен «Алтын шаңырақ» республикалық айтысының Гран-при иегері Ирина Новицкая – ұлттық өнердің абыройын асқақтатқан дарындар.
Қадірлі қауым!
Бүгін біздің ортамызда даңқты қолбасшы, «Халық Қаһарманы» Бауыржан Момышұлының көзін көрген ел анасы, белгілі этнограф-жазушы Зейнеп Ахметова апамыздың отырғаны – біз үшін үлкен мәртебе.
Бауыржан Момышұлы – ерлік пен елдіктің, тәртіп пен отансүйгіштіктің символына айналған тарихи тұлға. Оның өнегелі өмірі мен рухани мұрасы – жас ұрпақ тәрбиесіндегі мол қазына.
Ал Зейнеп апамыз ұлттық тәрбие мен рухани байлықты дәріптеп, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Осындай ардақты тұлғаның бүгінгі форумға қатысуы – баршамыз үшін тарихи сәт.
Сонымен қатар, бүгін арамызда Олимпиада ойындарының жүлдегері Василий Левиттің анасы — Татьяна Борисовна да отыр. Еліміздің мақтанышына айналған осындай лайықты ұл-қыздарды тәрбиелеп, өсірген барлық ата-аналарға шынайы алғысымызды білдіреміз.
Қадірлі ағайын!
Көк Туымыз әрдайым бейбіт аспан астында желбірей берсін! Елтаңбамыз ел бірлігінің символы болып қала берсін! Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен орын алсын!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, елімізге тұрақтылық пен өркендеу тілеймін!
Мереке құтты болсын!
- 04.06.2026
- 5


