- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Исабаев Б.Ө.
Жетісу облысының әкімі
Жетісуда 35 елді мекенде 35 жаңа Ту тұғырынан Мемлекеттік Ту бір мезгілде көтерілді
Жетісу облысында Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті. Негізгі шара ретіндегі Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «35 ауыл – 35 Ту тұғыры» патриоттық акциясы аясында аудан-қалалардағы 35 елді мекенде бір мезетте телекөпір байланысы арқылы 35 жаңа ту тұғыры ашылып, Ту көтерілді. Бұл ту тұғырлары жергілікті меценаттар мен кәсіпкерлердің қолдауымен орнатылды.
Облыс көлемінде кеңінен атап өтілген патриоттық іс-шараларға жалпы саны 3,5 мыңға жуық адам қатысты, оның мыңнан астамы облыс орталығында жиналды.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағы алаңында биіктігі 92 метрлік ту тұғырында орнатылған Мемлекеттік Туды көтеру салтанаты өтті.
Мерекелік шараға Жетісу облысының мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, жастар, қала тұрғындары қатысты.
Мемлекеттік Ту көтерілген сәтте Талдықорған әскери гарнизонының үрмелі оркестрінің сүйемелдеуімен камералық хор мен облыстық филармония әртістері Қазақстан Республикасының Әнұранын орындады. Сонымен қатар жергілікті шығармашылық ұжымдардың орындауында патриоттық әндер шырқалды.
Жалпы, Талдықорғандағы Ту тұғырының биіктігі кездейсоқ таңдалмаған. Оның 92 метр болуы - тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілген 1992 жылдың символдық белгісі. Мемлекеттік Тудың ұзындығы – 25 метр, ені – 12 метр. Композицияның тұғыр бөлігінде Қазақстан картасы бейнеленген. Ту тұғыры Мемлекеттік Туды автоматты түрде көтеруге арналған арнайы механизммен жабдықталған болат конструкциядан тұрады. Оның жанында салтанатты іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр орналасқан.
- 04.06.2026
- 4


