- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Өңірде 5 млн 140 мың га алқапқа егін егілді
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен көктемгі егіс жұмыстарының аяқталуы және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі кеңес өтті.
«Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының басым бағыты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саланың қарқынды дамуына ерекше назар аударып, оның ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудағы маңыздылығын, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін және экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етудегі рөлін үнемі ерекше атап көрсетіп келеді», – деп атап өтті Үкімет басшысы.
Жиында аймақ әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай облысының ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Биыл 5 млн 140 мың га алқапқа егін егілді, оның ішінде бидай – 3 млн 371 мың га, майлы дақылдар – 887 мың га. Әлеуметтік маңызы бар және жем-шөп дақылдарын егудің жоспарланған көлемі тегіс орындалды. Шаруашылықтар 314 мың тонна минералдық тыңайтқыштар енгізді.
Биыл «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша егіс жұмыстарына 87 млрд теңге жеңілдетілген кредит берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Азық-түлік корпорациясы форвардтық сатып алу бойынша 16 млрд теңге бөлінді, бұл сома былтырғыдан 3 есеге артты. Мал шаруашылығын дамыту үшін 20 млрд теңгеге жобалар бекітілді. 16 мың асыл тұқымды мал басын сатып алу жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша бөлінген 42 млрд теңгенің негізгі бөлігі – 37,8 млрд теңгеге 13 сүт фермасын салуға бағытталған. Оның ішінде 7 сүт фермасы іске қосылды, биыл 5 жоба және 2027 жылы бір ферма пайдалануға беріледі. Барлық 13 сүт фермасы пайдалануға берілген кезде шаруашылықтардағы сүт өндірісі 2 есеге өсетін болады.
«Мемлекет басшысы аграрлық салада өнімдерді қайта өңдеу үлесін 70%-ке дейін ұлғайту және өнімдердің экспортын арттыру жөнінде міндет қойды. 2025 жылы республикада экспортталған өңделген өнімнің 8 млн тоннасының 2,2 млн тоннасы немесе 27,2% – Қостанай облысының үлесі. Облыс бірнеше жобалар арқылы өндіру және экспорттау бойынша елімізде жетекші орынды сақтап отыр», – деді Құмар Ақсақалов.
2023 жылы бұршақ дақылдарын қайта өңдеу бойынша Kaizen серіктестігі іске қосылған болатын. Былтыр кәсіпорын 180 мың тонна өнім экспорттады. Биыл серіктестік жылына 40 мың тонна макарон өнімдерін шығаратын жаңа фабриканы іске қосады.
«Баян Сұлу» АҚ «Кондитерлік астана» жаңа фабрикасын іске қосады. Өндіріс көлемі 16 мың тоннаға өсіп, 68 мың тоннаға жетеді.
Қуаты жылына 415 мың тонна астықты терең өңдейтін Qostanai Grain Industry зауытын іске қосу жоспарланған. Оның өнімдерінің бірі – биоэтанол. Ал биоэтанолдан жылына 57 мың тонна авиациялық отын өндіретін зауыт салынады. Сонымен қатар, жылына 174 мың тонна өнім өндіретін май экстракциялық зауытының құрылысы басталып кетті.
- 05.06.2026
- 5


