- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Абаттандыру, денсаулық сақтау және білім беру: Ербол Қарашөкеев Тараздағы бірқатар нысанды аралады
30 маусым күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы абаттандыру жұмыстарының барысын және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралап, Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.
Алдымен аймақ басшысы Абай даңғылы бойындағы Дінмұхамед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі аралықты абаттандыру және қайта жаңғырту жұмыстарын көрді.
Жобаны «ExpeditGroup» ЖШС жүзеге асыруда. Мұнда жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Жер асты ирригациялық жүйелері толық жаңартылып, электр желілері мен жарық бағаналары ауыстырылуда. Сонымен қатар ұзақ мерзімге жарайтын сапалы өрнектас төселіп, аумақ толық абаттандырылуда. Жоба аясында 150 түп ағаш отырғызылып, 5 220 шаршы метр аумақ көгалдандырылады.
Облыс әкімі Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ абаттандыру жұмыстарының сапасына ерекше мән беріп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Құрылыс барысында барлық талаптың сақталуына, құрылыс алаңындағы тазалық пен тәртіпке ерекше назар аударуды ескертті.
Бұдан кейін өңір басшысы Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жұмысымен танысты.
2013 жылы пайдалануға берілген мекеме 0-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған медициналық көмек пен оңалту қызметін көрсетеді. Бүгінде мұнда 834 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 104 дәрігер мен 370 орта буын медицина қызметкері бар.
Аймақ басшысы аурухананың жаңадан алынған заманауи медициналық қондырғыларымен танысты. Ол Мемлекет басшысының балалар мен жасөспірімдерге арналған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және медициналық қызметтің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес ауруханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.
Сонымен қатар Ербол Қарашөкеев дәрігерлердің кәсіби біліктілігін тұрақты арттырудың, заманауи емдеу тәсілдерін енгізудің және балаларға сапалы медициналық қызмет көрсетудің маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ата-аналардың өтініштері мен ұсыныстарына ұдайы назар аударып, көтерілген мәселелерді дер кезінде шешуді талап етті.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі №54 орта мектепте жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді.
1200 орындық мектепте бүгінде 1039 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстарын «Alatau Prime Construction» ЖШС жүргізуде. Құрылыс 2026 жылғы 20 наурызда басталған. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы орындалған.
Аймақ басшысы Мемлекет басшысының білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі тапсырмасын еске салып, жөндеу жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар бұған дейін мектептің жылу жүйесіне қатысты тұрғындар тарапынан шағымдар болғанын атап өтіп, күрделі жөндеу барысында барлық инженерлік жүйелердің сапасына ерекше назар аударуды талап етті. Алдағы уақытта мұндай мәселелердің қайталануына жол берілмеуі керектігін қатаң ескертті.
Жұмыс сапарын қорытындылаған Ербол Қарашөкеев барлық нысандар бойынша ең басты талап – сапа, мерзім және тұрғындар алдындағы жауапкершілік екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларының сапалы орындалуы мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының уақытылы пайдалануға берілуі облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
- 01.07.2026
- 4


