- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы
Қостанайда «Халықтық Конституция: сенімді болашақтың бастауы» ғылыми конференциясы өтті. Жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Конституциялық комиссияның мүшелері Үнзила Шапақ, Мәди Мырзағараев, Сайлаубек Ещанов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі VII - VIII шақырылымының депутаты Екатерина Смышляева, мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қауымдастықтың, азаматтық қоғам институттарының, этномәдени бірлестіктердің, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бүгінгі кездесу еліміз үшін қоғамдық-саяси жаңғырудың маңызды кезеңінде өтіп отыр. Өздеріңізге мәлім, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан өзінің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа Конституцияның қабылдануы - мемлекетіміздің тарихындағы шын мәнінде тарихи оқиға. Бұл жай ғана маңызды дата емес, бұл - заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпке, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, ұлттық құндылықтарды ардақтауға және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікке негізделген мемлекетіміздің жаңа тарауының басталуы. Жаңа Конституцияны іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Президенті бес дербес конституциялық заңға қол қойды 8 конституциялық заңға және 60-тан астам заңға түзетулер енгізілді, – деді аймақ басшысы.
Мемлекет басшысы биылғы жылдың 23 тамызында Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын өткізу туралы жариялады. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі аса маңызды саяси науқан. Осыған байланысты Қостанай облысында қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді қамтамасыз етуге бағытталған кешенді дайындық жұмыстары басталды.
Қазақстан Республикасының Конституциясы – елдің негізгі заңы ғана емес, сонымен қатар қоғам өмірінің барлық салаларындағы нақты өзгерістердің берік негізі. Оның қағидаттарының тиімді жүзеге асырылуы әрбір өңірдің дамуына тікелей ықпал етеді. Өйткені экономикалық өсім, тұрақтылық және азаматтардың әл-ауқаты ең алдымен қуатты әрі дамыған өңірлер арқылы қамтамасыз етіледі.
«Алдымызда ауқымды әрі маңызды өзгерістер күтіп тұр. Оларды табысты жүзеге асыру уақытты, жүйелі әрі үйлесімді жұмысты, сондай-ақ әрбір азаматтың жоғары жауапкершілігін талап етеді. Өйткені қуатты, әділетті және өркендеген мемлекетке бастар жол Конституцияны құрметтеуден, заңды бұлжытпай сақтаудан және әр азаматтың белсенді азаматтық ұстанымынан басталады», – деп атап өтті облыс әкімі.
- 13.07.2026
- 5


