- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Шомылу маусымы қауіпсіз өтуі тиіс
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен жазғы маусымда судағы қауіпсіздік мәселесі жөнінде аймақ әкімдігінің отырысы өтті.
Бүгінде өңір аумағында шомылуға арналған 23 ресми орын белгіленген. Судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері – ата-аналардың балаларды тиісті деңгейде бақыламауы, алкогольдік масаң күйде суға түсу және өз мүмкіндігін асыра бағалау. Балалар міндетті түрде ата-анасының немесе ересектердің бақылауымен ғана шомылуы тиіс. Егер кәмелетке толмаған баланың ересектердің қарауынсыз су айдынының маңында жүргені анықталса, оның ата-анасы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
«Жаз – демалыс уақыты ғана емес, сонымен қатар ересектер үшін жауапкершілігі жоғары кезең. Балалардың өмірі мен денсаулығы ең алдымен ата-аналарға байланысты. Облыс аумағында тыйым салатын тағы 217 ескерту белгісін орнату қажет. Біздің міндетіміз – осы белгілерді орнату арқылы тұрғындарды қауіп туралы ескерту. Алайда әр азамат өз өмірі мен қауіпсіздігіне өзі жауапты», – деді аймақ басшысы.
Қазіргі уақытта құтқару қызметіне қарасты 35 автокөлік, 21 жүзу құралы, 30 суасты сүңгуір жабдығы, 97 байланыс құралы, 30 бірлік құтқару жабдығы бар. Қостанай қаласы Тобыл өзенінің жағалауындағы су-құтқару станциясының ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді.
«Біздің ортақ негізгі мақсатымыз – табиғат аясындағы қауіпсіз демалыс мәдениетін қалыптастыру және су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың санын азайту», – деп атап өтті облыс әкімі.
Аймақ басшысы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық мүдделі органдарға қауіпсіздік талаптары жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
- 14.07.2026
- 6


