- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Қостанай облысында ірі агрофестиваль өтіп жатыр
Аймағымызда «Қостанай дала» агрофестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылуда. Енді бұл шара жыл сайын өткізіліп, еліміздің басты ауыл шаруашылығы көрмесіне айналатын болады. Айтулы шараға ҚР Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров арнайы келді.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақ аграршыларының Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді табысты орындап келе жатқанын атап өтті. Биыл агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 275 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға көп. Соңғы бес жылда саланы қаржыландыру көлемі 3,6 есеге артты.
Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы аясында өткен жылы шаруашылықтар 1034 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Биылдың өзінде 799 бірлік жаңа техника алынды. Сатып алынған техниканың 90%-ы – отандық өндірістің өнімі.
Өткен жылы соңғы он жылдағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіліп, әр гектардан 16,7 центнерден өнім алынып, жалпы 6,7 млн тонна астық жиналды. Биыл егіс жұмыстарына жеңілдетілген несие ретінде 140,4 млрд теңге берілді.
«Облысымыз азық-түлік өндірісі мен қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша елімізде көш бастап тұр. Өткен жылы Қазақстан бойынша 8,1 млн тонна өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортталса, оның 27,2%-ы Қостанай облысының үлесіне тиесілі болды. Биыл облысымыз ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрі бойынша 525,3 млн АҚШ долларына экспорт жүзеге асырды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 59%-ға жоғары көрсеткіш», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.
Облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуда қайта өңдеу саласындағы инвестициялық жобаларға басымдық берілуде. Соңғы жылдары бұршақ дақылдарын өңдеу, құрғақ бие сүтін өндіру жобалары іске қосылды. Ұн тарту кешені мен ірімшік өндіретін зауыт пайдалануға берілді. Тамыз айында «Кондитерлік астана» жобасы іске қосылады. Сонымен қатар макарон өнімдерін шығару жобасы басталып, май экстракциялау зауыты мен дәнді және майлы дақылдарды өңдеу кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Сондай-ақ астықты терең өңдеу және тұрақты авиациялық отын өндіру жобаларының жүзеге асырылуы өңір экономикасы үшін ерекше маңызға ие болады.
«Игілік», «Береке» және «Жайлау» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатқан мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары облыстағы мал басының көбеюіне оң ықпал етуде. Жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іріктеліп, олардың аясында 14,2 мың бас асыл тұқымды импорттық мал сатып алу жоспарланған.
Сүтті мал шаруашылығында соңғы екі жылда 7 тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. Қазіргі уақытта тағы 6 ферма салынып жатыр. Биыл қосымша 3 жаңа жобаны жүзеге асыру басталады.
- 01.08.2026
- 4


