- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың Қостанай облысының 90 жылдық мерейтойымен құттықтауы
Құрметті Қостанай облысының тұрғындары! Қымбатты жерлестер, мереке қонақтары!
Баршаңызды облысымыздың 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қостанай облысының 90 жылдық мерейтойына орай өз құттықтауын жолдады. Оны Сіздердің назарларыңызға жеткізуге рұқсат етіңіздер.
«Қадірлі қауым!
Қостанай – ырысы мол, ынтымағы жарасқан қастерлі өлке. Осы уақыт аралығында өңір өсіп-өркендеп, астықты аймаққа айналды. Береке мен бірліктің, келісім мен татулықтың алтын бесігі ретінде танылды.
Облыстың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл топырақтан Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин және басқа да тұғырлы тұлғалар шықты. Олар халыққа қалтқысыз қызмет етіп, ұлт руханиятының көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты.
Қазіргі таңда аймақ экономикасы қарқынды дамып жатыр. Азаматтардың қажырлы еңбегінің арқасында өңір өркендеу жолына түсіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Қостанай жұрты әрдайым ауызбіршіліктің озық үлгісін көрсетіп келеді. Аймақ халқының наурыз айында өткен республикалық референдумға белсене қатысып, жаңа Конституцияны қолдап дауыс беруі – соның айқын көрінісі.
Осы орайда облысты көркейту үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздер алдағы уақытта да Заң мен Тәртіп қағидатын ту еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы жасампаз бастамаларды жүзеге асыруға белсене атсалыса бересіздер деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Тобыл – Торғай өлкесі өркендей берсін!
Құрметпен,
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев».
Қымбатты жерлестер!
Бүгін біз жай ғана мерейтойды атап өтіп отырған жоқпыз. Қостанай облысының 90 жылдығы – бұл даңқты тарихтың, ұрпақтар сабақтастығының, жанқиярлық еңбектің және биік жетістіктердің тоғыз онжылдығы.
Бүгінде өлкеміздің мақтанышына айналған барлық жетістік – халқымыздың маңдай тері мен адал еңбегінің жемісі. Қостанай жері әрдайым Тәуелсіз Қазақстанның сенімді тірегі болып келді және болып қала береді.
Бүгінде өңіріміз сенімді түрде алға қадам басып келеді. Біз облыстың өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайтып, инфрақұрылымды дамытып, тұрғын үйлер, жолдар, мектептер мен ауруханалар салып жатырмыз. Барлық жетістіктеріміз – өңірге деген зор сенімнің, ауқымды инвестициялардың және ең бастысы – қостанайлықтардың тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Біздің болашаққа деген айқын көзқарасымыз, берік жігеріміз және орасан зор әлеуетіміз бар. Біз балаларымыз бен немерелеріміз мақтан тұтатын қуатты, жайлы әрі гүлденген өңірді бірге құра беретін боламыз!
Қадірлі әлеумет!
Қостанай жері – қашанда береке мен бірліктің, дарынды тұлғалар мен бай руханияттың ордасы. Бүгін сіздер дәстүрге айналған «Өнеріміз саған, Қазақстан!» облыстық фестивалінің куәсі болдыңыздар. Бұл – өнер мерекесі.
Фестиваль Тобыл–Торғай өңірінің мәдени өмірін жандандырып, халқымыздың дәстүрлерін ұлықтайтын айтулы оқиғаға айналды.
Сіздерді облысымыздың 90 жылдық мерейтойымен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, туған өлкеміз өркендей берсін!
- 03.08.2026
- 3


