- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында цифрландыру саласына 7,5 млрд теңге инвестиция салынды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте өңірдегі цифрландыру саласының қазіргі жағдайы, жүзеге асырылып жатқан жобалар және алдағы міндеттер талқыланды.
Кеңесте цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалқар Амантұров баяндама жасап, өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамыту, жасанды интеллект технологияларын енгізу, мемлекеттік қызметшілердің цифрлық құзыреттерін арттыру және деректерге негізделген басқару жүйесін қалыптастыру бағыттарындағы жұмыстардың нәтижелерін таныстырды.
Өңірде мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы мен заманауи технологияларды қолдану дағдыларын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.
Zhambyl Hub базасында «Жасанды интеллект мемлекеттік қызметте» практикумы өткізіліп, мемлекеттік қызметшілерге арналған цифрлық құзыреттерді дамыту семинарлары ұйымдастырылды. Бұған дейін облыстың 3 мыңнан астам мемлекеттік қызметшісі «AI-Qyzmet» онлайн курсын аяқтаған.
Цифрлық экожүйені қалыптастыруда Zhambyl Hub та маңызды алаңға айналып отыр. Хаб жұмысын бастағалы 250-ден астам іс-шара өткізіліп, 5 мыңнан астам адам қамтылды. Ал 2026 жылдың басынан бері 48 іс-шара ұйымдастырылып, оның 25-і жасанды интеллект тақырыбына арналды.
Сонымен қатар Digital Keruen жобасы арқылы облыстың бес ауданында тұрғындарға цифрлық технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Өңірде Smart Region бағыты бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласы «Ақылды қалалар» республикалық рейтингінде 2024 жылғы 17-орыннан 2025 жылдың қорытындысы бойынша 11-орынға көтерілді.
Қалада ахуалдық орталық, Smart Data Region, бейнемониторинг, көлік қозғалысын басқару, экологиялық мониторинг, коммуналдық шаруашылық және басқа да цифрлық шешімдерді дамыту жоспарланып отыр.
Цифрлық технологияларды әлеуметтік салаларға енгізу жұмыстары да жаңа деңгейге көтерілуде.
Денсаулық сақтау жүйесінде телерадиология жобасы 22 медициналық ұйымды қамтиды. 2026 жылдың ІІ тоқсанында 786 мыңнан астам пациенттің зерттеуі қаралып, оның 300 мыңнан астамы жасанды интеллект көмегімен талданды.
Бұдан бөлек, инсультті ерте диагностикалауға мүмкіндік беретін Cerebra жүйесі облыстың алты медициналық ұйымына енгізілді.
Білім беру саласында да цифрлық шешімдер кеңінен қолданылуда. Балалардың нақты қатысуын тіркеу және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Qamqor Tech биометриялық сәйкестендіру жүйесі іске қосылды. Қазіргі таңда мемлекеттік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жүйеге қосылу деңгейі 100 пайызға жетті.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық бақылау құралдарының мүмкіндіктері кеңейтілуде. Облыс аумағында 87 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Тараз қаласында «Сергек» жүйесі арқылы 2 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді.
Аудан орталықтарында жедел басқару орталықтарын құру, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшегіштерді орнату бойынша жұмыстар жалғасуда.
Өңірдің цифрлық инфрақұрылымын дамытуға да инвестиция көлемі артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-шілде айларында байланыс саласына 7,5 млрд теңге инвестиция тартылды.
Бүгінде облыстағы 353 ауылдық елді мекеннің 270-і 4G мобильді интернетпен қамтылған. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2026-2028 жылдары 164 елді мекенді талшықты-оптикалық байланысқа, тағы 7 елді мекенді спутниктік интернетке қосу жоспарланған.
Тараз қаласында 5G технологиясын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта Altel/Tele2 желісінің 70 базалық станциясы іске қосылған. Операторлар арасындағы инфрақұрылымдық әріптестік нәтижесінде 5G қызметі екі оператор тарапынан ұсынылуда.
Цифрлық экономиканың маңызды негіздерінің бірі – заманауи технологияларды меңгерген білікті кадрлар. Осы бағытта Жамбыл политехникалық жоғары колледжі базасында Tomorrow School өңірлік кампусы ашылды.
Мұнда жастар жасанды интеллект, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, Cloud DevOps, Data Science және басқа да перспективалы IT бағыттары бойынша білім ала алады. Сонымен қатар AI Innovation Academy зертханасы іске қосылды.
Өңірде деректерге негізделген басқару моделін қалыптастыруға да басымдық берілуде. E-Jambyl цифрлық аналитикалық жүйесі нақты уақыт режимінде деректерді жинауға, талдауға және мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жүйе бүгінде 14 мемлекеттік ақпараттық жүйемен интеграцияланған.
Платформа арқылы тұрғындар саны, жер балансы, мемлекеттік сатып алулар, қылмыс деңгейі, мемлекеттік қызметтер, мал шаруашылығы және 109 өтініштері секілді негізгі көрсеткіштерді бақылауға болады.
Қазіргі уақытта E-Jambyl жүйесіне жасанды интеллект негізіндегі ассистентті енгізу жұмыстары жүргізілуде. Сыртқы AI-ассистент азаматтарға мемлекеттік қызметтерді алу және портал бойынша навигация жасау кезінде көмек көрсетсе, ішкі ассистент мемлекеттік қызметшілерге ақпарат іздеу, нормативтік құжаттарды талдау және қызметтік құжаттарды әзірлеу кезінде қолдау көрсетеді.
Сонымен қатар өңірдің цифрлық инфрақұрылымын одан әрі күшейту мақсатында заманауи деректерді өңдеу орталығын салу мәселесі пысықталуда. Жоба деректер экономикасын дамытуға және жаңа технологиялық бастамаларды іске асыруға қосымша мүмкіндік береді.
Жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев цифрландырудың барлық саланы қамтитын стратегиялық бағыт екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Біздің негізгі мақсатымыз – цифрлық технологияларды одан әрі дамыту, жасанды интеллектіні елдің негізгі салаларына енгізу және озық технологияларды экономика мен күнделікті өмірде кеңінен қолдану. Бүгінде өңірде әр саладағы цифрлық жобаларды нәтижелі жүзеге асыру үшін қажетті ресурстар бар, – деді Ербол Қарашөкеев.
Аппараттық кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға цифрландыру жобаларын іске асыру қарқынын арттыру, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін әлеуметтік-экономикалық салаларға кеңінен енгізу бойынша бірқатар нақты тапсырма берілді.
- 26.08.2026
- 3


