- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Президент тапсырмасы: Жамбыл облысында қайта жаңғыртылған Түрксіб вокзалы пайдалануға берілді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тұрар Рысқұлов ауданы Луговой ауылындағы қайта жаңғыртудан өткен тарихи Түрксіб теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты.
Жөндеу жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңарту және абаттандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Бұдан бөлек, вокзал маңындағы аумақты абаттандыруға 221 млн теңге бағытталды.
Жоба аясында вокзал ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілері жаңартылды. Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеуі заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, нысанның сәулеттік келбеті жаңаша сипатқа ие болды. Күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балалы жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Олар үшін арнайы күту орындары қарастырылып, вокзалда кедергісіз орта қалыптастырылды.
Түрксіб вокзалының жаңғыруы – тарихи нысанды сақтап қана қоймай, оны қазіргі заман талаптарына бейімдеудің нақты үлгісі. Өйткені бұл станцияның тарихы еліміздің теміржол тарихымен тікелей байланысты.
1927 жылы дәл осы Луговой станциясында Түркістан–Сібір теміржол магистралінің алғашқы рельстері төселіп, көрнекті мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың қатысуымен әйгілі «ғасыр құрылысының» ресми басталғаны жарияланған. Келер жылы Түрксіб құрылысының басталғанына 100 жыл толады.
– Ғасырлық мерейтой қарсаңында тарихи вокзалдың жаңарып, заманауи талаптарға сай халық игілігіне берілуінің символдық мәні зор. Бұл – өткенге көрсетілген құрмет, бүгінгі ұрпақтың еңбегі және болашаққа жасалған берік қадам. Түрксіб магистралі кезінде Қазақстанды Сібірмен және Орталық Азиямен байланыстырып, еліміздің өндірісі мен саудасының дамуына, жаңа елді мекендердің қалыптасуына жол ашты. Сондықтан Түрксіб – жай ғана теміржол емес, халқымыздың қажырлы еңбегінің, бірлігі мен жасампаз рухының белгісі. Осындай маңызды жобаларды қолдап, еліміздің, оның ішінде өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына өңір жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.
Бүгінде станция арқылы 20-дан астам қалааралық және халықаралық жолаушылар пойызы қатынайды. Пойыздар Алматы, Астана, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Семей, Павлодар, Петропавл, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау бағыттарын қамтиды.
Сондай-ақ Алматы–Саратов, Бішкек–Мәскеу және Шу–Бішкек халықаралық бағыттарындағы пойыздар да осы станция арқылы өтеді. Осылайша жаңғыртылған вокзал күн сайын мыңдаған жолаушыға қауіпсіз, жайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
– Заманауи теміржол вокзалының бой көтергеніне қуанып отырмыз. Бұл – аудан келбетіне көрік қосып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы жағдай жасайтын маңызды нысан. Ел игілігіне қызмет етіп, жолаушыларға сапалы қызмет көрсетсін! – деді теміржол саласында 50 жыл еңбек еткен ардагер Әлібек Биназаров.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда Боранды, Түрксіб, Тараз, Шу және Отар станцияларындағы нысандар жаңартылуда. Бұл жобалардың жалпы құны 14,1 млрд теңгені құрайды.
- 31.08.2026
- 4


