- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Тараз-Аса арасында жаңа автобус бағыты ашылды
2026 жылғы 8 қыркүйек күні Тараз қаласы мен Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылы арасында жаңа №67 қоғамдық көлік бағыты іске қосылды.
Жаңа бағыт бойынша 14 қоғамдық көлік жолаушыларға қызмет көрсетеді. Автобустар Аса ауылынан бастап Тараз қаласындағы Сүлейменов, Жамбыл, Төле би, Желтоқсан, А. Пушкин, А. Асқаров, Абай, Сыпатай батыр және Мәмбет батыр көшелері арқылы қатынайды. Қоғамдық көліктің жүру аралығы – 13-15 минут.
Бағыттың сызбасы Жамбыл ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, тұрғындарға қажетті оқу орындарына, медициналық ұйымдар мен сауда орындарына баруды барынша ыңғайлы ету мақсатында әзірленген.
Жол ақысы қаладағы қолданыстағы тарифпен белгіленді. Яғни, жолаушылар үшін – 100 теңге, ал 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Сонымен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерінің I және II дәрежелерімен наградталған көпбалалы аналар және I топтағы мүгедектігі бар азаматтар қоғамдық көлікте тегін жүреді.
Айта кетейік, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Таразда қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртуға және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Қаланың 2023-2025 жылдарға арналған Даму жоспары бойынша жыл сайын кемінде 70 қоғамдық көлік сатып алу міндеті қойылған.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 2023 жылы қалаға 73, 2024 жылы 155, 2025 жылы 91, ал биыл тағы 25 автобус жеткізілді. Осылайша, соңғы жылдары Тараздағы қоғамдық көлік паркі 381 жаңа автобуспен толықты.
Бүгінде қаладағы жаңа автобустардың үлесі 57 пайыздан 85 пайызға дейін артты. Қоғамдық көлік саны 330-дан 522 автобусқа көбейді. Сонымен қатар жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту мақсатында 14 жаңа бағыт ашылып, қазіргі таңда қала тұрғындары 46 бағыт бойынша қоғамдық көлік қызметін пайдаланып отыр.
- 08.09.2026
- 3


