- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Лисаковта ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Лисаковқа барған жұмыс сапарында қалада жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасына қатысушылармен кездесті.
Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібін дамытуға жаңа серпін беру жөнінде міндеттер қойған болатын.
Осы тұрғыда Лисаков қаласының Октябрь кентінде полимерлі пленка өндіретін зауыттың инвестициялық жобасы іске асырылып жатыр. 20 жаңа жұмыс орны құрылады. Инвестиция тарту арқылы бос тұрған коммуналдық нысандардың жаңа тынысы ашылуда.
Сондай-ақ, қалада металлургиялық зауытты қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Кәсіпорында титан шлагы, рутил және циркон концентраттары өндірілетін болады.
Ел Президентінің үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ке ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Лисаковта жылына 350 мың тонна шикізатты қайта өңдеу қуаттылығы бар май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Инвестиция көлемі 39,1 млрд теңге. 200 жұмыс орны құрылады.
Бұдан бөлек, облыс әкімі іске қосылған минералды ұнтақ өндіру кәсіп орнында болды. Бұған дейін аймақтың жол ұйымдары асфальт-бетон қоспасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын минералды ұнтақты еліміздің басқа өңірлерінен тасымалдауға мәжбүр болатын.
«Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру аясында биыл Лисаков қаласында 1700 ағаш отырғызылды, 300 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Волонтерлердің қатысуымен өткен экологиялық акция барысында 76 мың шаршы метр жағалау аумағы тазартылды. Абаттандыру, инфрақұрылым, сәулеттік келбет, жарықтандыру, жол жөндеу мен төсеу жұмыстары тиісті деңгейде атқарылуда. Қазіргі таңда жағалау аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аймақ басшысы қала халқымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
- 12.09.2026
- 3


