- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ОРАЛДА «ДАЛА ДӘМІ» АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ
Оралда жаңаша форматтағы «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Оған шаһар мен облыс аудандарынан келген 70-тен астам ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысып, 250 тоннаға жуық өнім саудаға шығарылды. Сөрелерге көкөніс, бақша дақылдары және жергілікті шаруалардың өзге де өнімдері қойылып, тұрғындарға нарықтан төмен бағада ұсынылды.
«Дала дәмі» жәрмеңкелері еліміздің барлық өңірінде апта сайын ұйымдастырылады. Басты ерекшелік – сауда орындарының бірыңғай үлгіде жабдықталуы. Арнайы сөрелер мен құрылымдар орнатылып, автокөлік, жүк көлігі мен тіркемелерден ретсіз сауда жасауға жол берілмейді.
Өндірушілерге сауда орындары тегін беріледі. Осылайша шаруа қожалықтарына өнімін еш делдалсыз тікелей тұтынушыға өткізуге мүмкіндік жасалған. Негізгі мақсат – азық-түлік бағасын тұрақтандыру және халықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету.
Сонымен қатар «Дала дәмі» тек сауда алаңы емес, тұрғындардың отбасымен бірге демалыс күнін тиімді өткізуіне арналған қоғамдық кеңістік ретінде қалыптасады.
Өңірде ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу жүйелі жолға қойылған. 2025 жылы облыс бойынша 596 жәрмеңке өткізілді. Биыл Орал қаласы, аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде 600 жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланған. Қаңтар-мамыр айларында сауда алаңдары тұрақты жұмыс істеп, жаздың ыстық кезеңіндегі үзілістен кейін тамыз айынан қайта жалғасты. Бүгінге дейін өңір бойынша 400-ге жуық жәрмеңке өткізілді.
- 28.09.2026
- 4


