- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Құрметті жамбылдық ардагерлер, ардақты ақсақалдар мен аяулы әжелер!
Сіздерді 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Қазақ халқы қашанда қариясын төрге шығарып, үлкенін сыйлаған. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген сөздің өзі аға буынға деген құрметімізді айқын көрсетеді.
Бүгінде Жамбыл облысында 147 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Олар – саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, талай тарихи кезеңді бастан өткерген, кейінгі ұрпаққа айтары мен берері мол жандар.
Аға буынның қоғамдық белсенділігін арттыруда ардагерлер ұйымдарының да орны ерекше. Өңірде 2 қалалық, 10 аудандық және 727 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді.
Қариялардың белсенді өмір салтын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде Тараз қаласында 2, Меркі ауданында 1 «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмыс істеп тұр.
Бұл – аға буынға деген құрметтің нақты көрінісі. Өйткені қарияға қамқорлық жасау – тек әлеуметтік міндет емес, халқымыздың ұлттық құндылығы, үлкенге деген ізет пен құрметтің айқын белгісі.
Құрметті ардагерлер!
Сіздердің өмір жолдарыңыз бен еңбектеріңіз – кейінгі ұрпаққа өнеге, ақыл-кеңестеріңіз – біз үшін үлкен қазына.
Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін! Ұл-қыздарыңыздың, немере-шөберелеріңіздің қызығын көріп, елдің ортасында, ағайынның ардақтысы болып жүре беріңіздер!
Ақ баталарыңыз елге қуат, ақ тілектеріңіз Жамбыл жеріне құт-береке әкелсін!
- 01.10.2026
- 5


