- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
БӨКЕЙ ОРДАСЫНЫҢ 225 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ЖИЫН МЕН МЕРЕКЕЛІК КОНЦЕРТ ӨТТІ
Хан Ордасы ауылдық мәдениет үйінде Бөкей хандығының 225 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Оған өңір аудандары мен көршілес Ресей елінің делегациясы, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматтары, еңбек ардагерлері, тарихшы ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.
Өркениет қалыптастыру ісіндегі жаңашыл бастамалардың арқасында Бөкей ордасы тарихта «тұңғыштар мекені» деген айрықша атауға ие болды. Бұл қасиетті топырақтан ел басқарған хан мен сұлтан, қол бастаған батыр, сөз бастаған шешен, ақындар мен ағартушылар шықты. Олардың елге сіңірген еңбегі мен өнегелі жолы Бөкей ордасының тарихын тұтас ұлттың рухани қазынасына айналдырды.
Мерейтойға дайындық жұмыстары 2023 жылдан басталды және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шалғайдағы ауданның инфрақұрылымын жақсартуға ерекше назар аударылды.
Тарихи мұраны дәріптеу қасиетті мекенде өмір сүріп жатқан халыққа қолайлы жағдай жасаумен де сабақтас болуы тиіс. Бүгінде облыс орталығы мен аудан арасындағы жолға қатқыл жабын төселіп, түйткілді мәселе толық шешілді. Хан Ордасына кіреберіс 21 шақырым жол асфальтталды. Мектеп пен мәдениет үйі күрделі жөнделіп, жаңа спорт кешені салынды. Музей аумағында заманауи визит-орталық пен әкімшілік ғимарат бой көтеріп, кесене жаңғыртылды. Мұның бәрі – қасиетті мекеннің келешегіне салынған инвестиция, өткенімізге тағзым және тарих алдындағы жауапкершілік.
- 02.10.2026
- 3


