- Блогтар
- Мырзахметов А.С.
Мырзахметов А.С.
ҚР Қорғаныс министрі
Астана мен Шымкенттегі әскери колледждердің 200-ден астам кадеті Әскери ант берді
Астана қаласындағы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы және Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы Қорғаныс министрлігінің әскери колледждерінде кадеттердің Әскери ант беру рәсімі салтанатты түрде өтті.
Болашақ сержанттарды айтулы оқиғамен Қорғаныс министрлігінің, әскери оқу орындарының басшылығы, Қарулы күштердің ардагерлері, қоғам өкілдері, сонымен қоса кадеттердің ата-аналары мен жақындары құттықтады. Елордадағы шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты жағдайда кадеттер елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғауға, Конституцияны сақтауға, Отан алдындағы борыштары мен әскери жарғылардың талаптарын адал орындауға ант берді. Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледж кадеттерін құттықтады.
– Бүгін сендер Отан қорғаушысы мамандығына бастайтын маңызды қадам жасап отырсыңдар. Әскери ант – жай ғана салтанатты сөз емес, әрқайсыңның Отан, отбасы және жолдастарыңның алдындағы жеке жауапкершіліктерің. Білімді меңгеруде мақсат қойып, дағдыларыңды үнемі жетілдіріп, таңдаған әскери мамандықтарыңды толық игеруге ұмтылыңдар, – деді.
Ата-аналар комитетінің атынан кадет Қалижан Темірғалидың әкесі, қоғам қайраткері Абзал Құспан сөз сөйлеп, оқу орнында алған білім мен тәрбиенің олардың алдағы өмірдегі және кәсіптегі жолына негіз болатынына сенім білдірді.
– Бүгін Отанға адал болуға ант бердік және бұдан былай өз іс-әрекетімізге, біліміміз бен дайындығымызға үлкен жауапкершілік жүктелетінін түсінеміз. Әскери колледждің дәстүрлерін лайықты жалғастырып, ата-аналарымыз бен тәлімгерлеріміздің сенімін ақтауға бар күшімізді саламыз, – деді 1 оқу ротасының кадеті Ақылжан Әкім.
Шымкентте рәсімге қатысушыларды Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы әскери колледждің бастығы подполковник Талғат Әлімов құттықтап, әскери қызметшінің қалыптасуындағы және Отан алдындағы борышты орындауға деген жауапкершілікті арттырудағы Әскери анттың ерекше рөліне тоқталды. Салтанатты рәсімнің жалғасы «Ұрпақтар сабақтастығы» рәсімі болды. Колледж тәрбиеленушілері «Сержанттардың ар-намыс кодексін» орындағаннан кейін, Қарулы күштердің бас сержанты, шебер-сержант Темірбек Халықов өзінің әскери беретін кадет Рамазан Мұхтарұлына табыстады. Бұл сәт ұрпақтар байланысын, жас кадеттердің сақтап, одан әрі жалғастыруы тиіс жауынгерлік дәстүрлер сабақтастығын бейнеледі. Іс-шара жеке құрамның салтанатты маршымен аяқталды. Одан кейін ата-аналарға колледжді аралап, кадеттердің білім алуымен, тұрғын жайларымен, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен және бос уақытын ұйымдастыру тәртібімен танысты.
- 07.10.2026
- 7


