- Блогтар
- Исабаев Б.Ө.
Исабаев Б.Ө.
Жетісу облысының әкімі
Талдықорғанда бір ауысымда 500 адам қабылдайтын жаңа емхана ашылды
Республика күні қарсаңында Жетісу облысының Талдықорған қаласында жаңа қалалық емхана ашылды. Бұл медициналық мекеме қаланың қарқынды дамып, жаңа тұрғын үйлер салынып жатқан бөлігінде тұратын халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емхана тіркелген 62 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуға айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асыру – біздің өңірлік саясатымыздың басым бағыттарының бірі. Талдықорғанда үшінші емхананың ашылуы – осындай атқарылған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Бұрын бұл ғимарат сот органдарын орналастыру үшін салынып бастаған еді. Алайда облыстар бөлінгеннен кейін оған қажеттілік болмады. Сондықтан жобаны халықтың қажетіне қарай өзгерту туралы шешім қабылданды. Қаланың осы бөлігінде тұрғын үй құрылысының қарқынды жүруіне байланысты халық саны да артып келеді. Осыны ескеріп, үлкен әрі заманауи емхана салуды жөн көрдік. Мұндай емхана өңірде жоқ: іші де, сырты да әдемі, ауласы абаттандырылған, құрал-жабдықтары жаңа заманға сай. Жаңа емхананың ашылуымен баршаңызды құттықтаймын! Бұл маңызды әлеуметтік нысан тұрғындардың игілігі үшін табысты қызмет ете берсін.
Жаңа заманауи медициналық мекеменің ашылуы Жетісу облысының денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы және өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы кезекті қадам деуге болды.
Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 149 жаңа медициналық нысан салынды. Оның 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерді. Сонымен қатар 15 медициналық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Соңғы 4 жылда әлеуметтік сала инфрақұрылымын жаңғырту деңгейі 55,8%-ға жетті.
- 23.10.2026
- 5


