- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Балалардың бүгінгі қауіпсіздігі – елдің ертеңгі болашағы
Балалардың бүгінгі қауіпсіздігі – елдің ертеңгі болашағы. Бір баланың тағдырына бейжай қарау – тұтас қоғамның болашағына немқұрайлылықпен қараумен тең.
Бүгін өңірдегі балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі бойынша арнайы штаб отырысын өткіздім.
Соңғы бір ай ішінде Байзақ және Жамбыл аудандарында ұқсас екі оқиға орын алды. Бір баланың өмірі қиылды, екіншісі жансақтау бөлімінде жатыр. Бұл – орны толмас қайғы. Ең өкініштісі, мұндай жағдайлардың алдын алуға болатын еді...
Осыған байланысты өткен басқосуда жауапты тұлғалардың жұмысына нақты баға берілді. Бұған дейін рейдтер өткізілген, сауалнамалар алынған, ашық сабақтары, тренингтер ұйымдастырылған. Бірақ нәтижесі тиімсіз.
Бір анығы — қағаздағы профилактика баланың өмірін сақтап қала алмайды. Нақты әрекет керек!
Жауапты құзырлы органдар, басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Мектептердегі жасырын сауалнамалар мен психологтар жұмысы қайта тексеріледі. Сауалнама қорытындыларымен нақты жұмыстар қолға алынатын болады. Жасөспірімдер жиналатын орындар тұрақты бақылауға алынып, полициямен бірлескен патрульдеу күшейтіледі. Тәуекел тобындағы балалармен жеке жұмыс жүргізіліп, олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру — басты талап. Бұл бағыттағы жұмыстар жеке бақылауымда болады.
Байзақ, Жамбыл, Қордай және Талас аудандарының басшыларының жұмысына сын айтылды. Бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс жүргізу, тәртіптік жауапкершілігін қарау тапсырылды. Өткізілген іс-шаралардың санымен есеп беру — мәселенің шешімі емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» қағидаты әр отбасынан, әр мектептен басталуы тиіс. Бала тәрбиесі – тек мұғалім мен полицияның емес, ата-ананың да тікелей жауапкершілігі. Балаларымыздың кіммен араласатынына, қандай ортада жүргеніне бейжай қарамайық.
Біздің міндетіміз – қайғылы оқиғадан кейін кінәліні іздеу емес, оған жол бермеу. Әр баланың өмірі – қымбат.
Халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы айтқандай: «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды». Ендеше, заң мен тәртіпті құрметтейтін, бір-біріне жанашыр, қауіпсіз қоғам қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет.
- 05.11.2026
- 19


