- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Қостанай облысында соңғы 5 жылда майлы дақылдар көлемі 1,5 есеге, бұршақ дақылдары 3,3 есеге ұлғайды
Бұл туралы аймақ басшысы Құмар Ақсақалов облыс әкімдігінде өткен кеңесте айтты. Жиында өңіріміздегі өңіріміздегі егін жинау науқанының аяқталуы талқыланды. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, Денисов, Ұзынкөл, Федоров аудандарының әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері атқарған жұмыстары жайында баяндады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Облысымызда дәнді дақылдарды жинау аяқталып, орташа өнімділік 14,9 ц/га болды. 6 млн тонна астық, 1 млн тонна майлы дақыл жиналды. Соңғы 5 жылда егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде майлы дақылдар көлемі 1,5 есеге, бұршақ дақылдары 3,3 есеге ұлғайды. 86,5 мың тонна картоп пен көкөніс жиналды.
«Көкөніс қоймаларының жалпы сыйымдылығы – 87 мың тонна. Оның ішінде климаттық жабдықтары бар қоймалардың сыйымдылығы соңғы 5 жылда 31%-ға артып, 47 мың тоннаға жетті. Заманауи қоймалар Қостанай, Рудный қалаларында, Қостанай және Меңдіқара аудандарында жұмыс істейді. Б.Майлин ауданында «Green Terra» ЖШС қуаттылығы 6 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасын салды. Қостанай ауданында климаттық бақылау жүйесімен жабдықталған, сыйымдылығы 5,2 мың тонналық көкөніс қоймасы салынуда», – деді аймақ басшысы.
Өңдеу өнеркәсібінде бірқатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:
- Лисаков қаласында жылына 350 мың тонна шикізат өңдеп, 174 мың тонна май өндіретін зауыт;
- Б. Майлин ауданында 365 мың тонна жемшөп ұны мен 219 мың тонна өсімдік майын өндіретін кешен;
- Қостанай қаласында жылына 9 мың тонна шикізат өңдеп, 2,8 мың тонна мұздатылған фри картобын шығаратын зауыт салынуда.
- Келесі жылы Қостанайда жылдық қуаттылығы 90 мың тонна макарон зауыты іске қосылады.
«Бұл жобалар облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа өндірістерді дамытуға және экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде Қостанай облысы өңделген АӨК өнімдерінің экспорты бойынша республикада бірінші, азық-түлік өндірісі бойынша 20 өңірдің ішінде екінші орында. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елімізде экспортталған өңделген АӨК өнімдерінің 27%-і, азық-түлік өндірісінің 13%-і біздің облысымызға тиесілі», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
- 17.11.2026
- 13


