- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ТЕРЕКТІ АУДАНЫНДА АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС НЫСАНДАРЫ САЛЫНУДА
Теректі ауданының аумағында, Мәншүк Мәметова атындағы халықаралық әуежай маңында азаматтық қорғаныс нысандары бой көтеруде.
Жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын жоба аясында 3,4 гектар аумақта әуе көліктеріне арналған әмбебап ангар мен өрт сөндіру бекеті салынуда.
Ангар МИ-8 тікұшағын орналастыруға арналған. Мұнда әуе көлігіне техникалық қызмет көрсету аймағы, кезекші экипаждың тұрмыстық және қызметтік бөлмелері болады. Ал өрт сөндіру бекеті бес арнайы техникаға лайықталған. Сондай-ақ кешен аумағында құтқарушылардың кәсіби даярлығын жетілдіруге арналған жаттығу алаңдары қарастырылған.
Бүгінде құрылыс жұмыстары 25 пайызға орындалды. Қажетті инженерлік инфрақұрылым – су, газ және электр желілері толық тартылған. Қазіргі уақытта металл конструкциялар монтаждалып, резервуарларды гидрооқшаулау жүргізілуде. Биылғы тамызда басталған құрылысты 2027 жылдың сәуірінде аяқтау жоспарланған.
Айта кетейік, кейінгі 3 жылда облыс әкімдігі тарапынан өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және сала мамандарының жұмыс жағдайын жақсартуға жергілікті бюджеттен 4 млрд 530 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы кезеңде 43 өрт сөндіру автокөлігі сатып алынды.
Бұдан бөлек, «Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында 19 бекет ашылды. Жыл соңына дейін тағы 7-еуін іске қосу көзделген. Сондай-ақ Шыңғырлау ауданында құны 400 млн теңгені құрайтын өрт сөндіру бекеті пайдалануға беріледі.
- 18.11.2026
- 24


