- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Жамбыл облысында автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстауға 300-ге тарта техника жұмылдырылады
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен автомобиль жолдарын қысқы кезеңде күтіп ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті.
Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, өңірдегі жалпы пайдаланымдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3 160,1 шақырымды құрайды. Оның 1 688,4 шақырымы – облыстық, 1 471,7 шақырымы аудандық маңызы бар жолдар.
2026 жылдың қараша-желтоқсан айларында аталған жолдарды қысқы күтіп ұстауға 20 мердігер ұйым тартылып, 190 бірлік арнайы техника жұмылдырылады. Қазіргі таңда 13 170 тонна құм және 1 745 тонна тұз қоры әзірленген.
Сондай-ақ жолда қалған жолаушыларды қауіпсіз жерге жеткізу қажеттілігі туындаған жағдайда 10 жолаушылар тасымалдаушы мекемесінің 115 автобусын жұмылдыру жөнінде меморандумға қол қойылған.
Кеңесте «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы туралы баяндады.
Оның мәліметінше, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1 224 шақырымды құрайды. Қысқы күтіп ұстауға арналған 109 бірлік техниканың 107-сі немесе 98 пайызы маусымға дайын. Қалған екі техникаға жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қысқы жол күтіміне қажетті материалдар қоры да жасақталған. Атап айтқанда, 7 000 текше метр құм, 9 623,6 тонна тұз, 80 тонна көмір және 84 тонна химиялық реагент дайындалған.
Бұдан бөлек, қар басу қаупі бар асу учаскелеріне қар ұстайтын қалқандар орнатылған. Жүргізушілерді жол жағдайы туралы алдын ала хабардар ету үшін 462 уақытша жол белгісі қойылған.
Кеңес барысында өңір басшысы автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы толық аяқталмағанын атап өтіп, жауапты органдар мен жол қызметтері арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді тапсырды.
– Қысқы кезеңде автомобиль жолдарының тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы жол-көлік оқиғаларына, азаматтардың жолда қиындықтарға тап болуына, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу – біздің басты міндетіміз. Жергілікті атқарушы органдар ретінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін қатаң бақылауда ұстап, қажетті шараларды уақтылы қабылдауымыз керек, – деді Ербол Қарашөкеев.
Кеңес қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға автомобиль жолдарын қысқы кезеңге толық дайындау, қажетті материалдар мен техниканың әзірлігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында нақты тапсырмалар берілді.
- 19.11.2026
- 16


