- Блогтар
- Әрінов Шыңғыс Сайранұлы
Әрінов Шыңғыс Сайранұлы
Алматы облысының әкімі
Алматы облысының Үлкен ауылында әуежай салынуы мүмкін
Алматы облысының Жамбыл ауданына еліміздегі алғашқы атом электр станциясы салынады. Осыған орай Үлкен ауылы маңындағы инфрақұрылымды дамыту жоспары дайындалып, әуежай салу жоспарланып отыр. Одан бөлек, Қайраткөл теміржол станциясын жаңғырту, Балқаш көлінің жағалауын абаттандыру, қонақүй кешенін салуға тиісті жер учаскелері қарастырылып жатыр. Бұл мәлімет Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің Жамбыл ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл ауданы – агроөнеркәсіп саласы жанданған аймақтардың бірі. Бүгінде бұл бағытта ауқымды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақсеңгір ауылында жылына 120 мың тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаның құны – 200 млрд теңге. Кешен 3000-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды.
Ал Үңгіртас ауылдық округінде 400 басқа арналған сүт фермасы іске қосылды. Мұнда тәулігіне төрт-бес тонна сүт өндіріліп, ірі компанияларға жөнелтіледі.
Одан бөлек Ақсеңгір ауылында да сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінде құрылыстың 95 пайызы аяқталды. Шағын және орта бизнес саласында биыл 8 өндіріс іске қосылып, 263 жаңа жұмыс орны ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында осы жылы 544,5 млн теңгеге 36 жоба қаржыландырылды.
Мәдениет, білім беру және спорт саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, Қарғалы ауылында 350 орынды, Шиен ауылында 150 адамға арналған Мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Ал Үлкен ауылында тәулігіне 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ Ұзынағаш ауылында өнер мектебінің ғимараты, ал Тарғапта 70 орынды спорт кешені салынып жатыр.
Бүгінде аудан бойынша 7 мың 582 азамат тұрғын үй кезегіне тіркелген. Оның 4 мыңы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жатады. Соңғы екі жылда 692 тұрғын үй сатып алынып, оның 319-ы пайдалануға берілді.
Биыл аудандық маңызы бар және ауылішілік автомобиль жолдарын жөндеуге 3,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 60,7 шақырым жол жөнделді.
Жиын барысында Шыңғыс Әрінов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндап, Жамбыл ауданында инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Айтуынша, бүгінде 43 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Жыл соңына дейін Арқарлы ауылындағы 294 тұрғын газға қол жеткізеді.
Сонымен қатар Ұзынағаш ауылында су бұру желісін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоба іске асырылғаннан кейін 5 мың тұрғын үй мен бюджеттік және әкімшілік 100 ғимарат орталықтандырылған жүйеге қосылады.
Жиындағы сұрақ-жауап бөлімінде жергілікті тұрғындар толғандырған сауалдарын қойып, жауапты мамандардың түсініктемесін тыңдады. Өкінішке қарай, қазіргі таңда аудан бойынша 5 мектеп үш ауысымда оқып жатыр. Апатты жағдайда тұрған нысандар да бар. Мәселен, Қопа ауылындағы 1963 жылы салынған білім ошағы күрделі жөндеуді қажет етеді.
«Бүгінде Алматы облысында 368 елді мекен бар. Әр ауыл күнделікті өмірге қажетті инженерлік инфрақұрылыммен, білім беру, медициналық, төтенше жағдай қызметі нысандарымен, Мәдениет үйі және ойын алаңдарымен қамтылуы тиіс. Мұның бәрін бірден шешу мүмкін емес. Тыңғылықты жоспарын дайындап, кезең-кезеңімен іске асырамыз», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Ал Қасымбек ауылының тұрғындары дәрігерлік амбулатория мәселесі сүрленген сұраққа айналып кеткенін айтып, мұны бақылауға алуды сұрады. Себебі дәрігерге көріну аудан орталығына баруға мәжбүр екен. Мамандардың сөзінше, Қасымбек ауылында 25 адамға арналған медициналық нысанның құжаты дайын. Келесі жылы қаржысы бөлінеді деп министрлікпен келісілген.
Ал Ұзынағаш ауылындағы ауруханаға 150 мың адамға арналған МРТ аппараты әкелінеді деп жоспарлап отыр.
Қопа ауылының тұрғыны газ мәселесін көтеріп, көгілдір отынға қашан қол жеткізетіндерін сұрады. Аудан әкімінің сөзінше, 2022 жылы әзірленген ауылдарды газдандыру сызбасы қазір қайта пысықталып жатыр. Осыған орай келесі жылы Көкқайнар, Қызылсоқ және Қопа ауылдарына газ тарту жоспарға енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Содан кейін құрылысы басталады.
Сонымен қатар тұрғындар жол сапасы, ескі ғимараттарды жаңғырту, қаңғыбас иттер мәселесі, су тоспасын салу және өлкетану музейін ашу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Аймақ басшысы көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын және оларды шешу бағытында жүйелі жұмыс атқарылатынын айтты.
- 19.11.2026
- 6


