- Блогтар
- Ербол Қарашөкеев
Ербол Қарашөкеев
Жамбыл облысының әкімі
Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы орталық көшелерді абаттандыру жұмыстарын тексерді
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының орталық көшелерін абаттандыру және қайта құру жобасының барысымен танысты.
Жоба Абай даңғылының Дінмұхаммед Қонаев көшесінен Ыбырайым Сүлейменов көшесіне дейінгі, сондай-ақ Төле би даңғылының Желтоқсан көшесінен Орталық алаңға дейінгі бөлігін қамтиды.
Тараз қаласы әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталған. Нысан 2027 жылға өтпелі болып отыр. Жұмыс бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады.
Алғашқы кезеңде электр және интернет желілерін тарту, суару жүйесін жүргізу, су ағар лотоктарын жаңарту көзделген. Одан кейін жаяу жүргіншілер жолына тас төсеніштер төселіп, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен көше шамдары орнатылады. Аялдамалар да жаңартылады.
Жоба аясында 30 орындық, 30 қоқыс жәшігі мен 700 арық науасын орнату жоспарланған. Сонымен қатар ағаштардың үш түрі отырғызылып, көпжылдық шөп егіледі.
Жұмыс барысын зерделеген өңір басшысы құрылыс алаңдарындағы ретсіздікке және тұрғындарға қолайсыздық туғызған жағдайларға баса назар аударды.
– Орталық көшелерді абаттандыру жұмыстарының барысындағы қолайсыздықтарға соңғы күндері тұрғындар тарапынан шағымдар көбейген. Олардың сыны орынды. Мен тұрғындардың пікірін толық қолдаймын.
Абаттандыру жұмыстары келер жылға өтпелі болғандықтан, қазылған жерлер құрылыс қайта жалғасқанға дейін уақытша реттелуі керек. Топырақ үйінділері, құрылыс материалдары жиналып қалған. Бұл қала көркін бұзады. Тұрғындардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді.
Құрылыс кезінде де тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы халыққа тұрақты ақпарат берілсін.
Біздің мақсатымыз – тұрғындарға қолайсыздық туғызу емес. Қаладағы әрбір өзгеріс халықтың игілігіне қызмет етуі керек. Қала тазалығы мен көркі де назардан тыс қалмауы қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі жауын-шашын кезінде қазылған аумақтардың лай-батпаққа айналу қаупін ескертіп, қала басшылығы мен мердігерге жедел шешім қабылдауды тапсырды.
- 24.11.2026
- 4


