- Блогтар
- Ақсақалов Қ. І.
Ақсақалов Қ. І.
Қостанай обласының әкімі
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиындағы құттықтау сөзі
Құрметті салтанатты жиынға қатысушылар, агроөнеркәсіп кешенінің қызметкерлері мен ардагерлері!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін біз еңбектің қадірін білетін, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ауыл шаруашылығы саласының майталмандарын құрметтеу үшін бас қосып отырмыз.
20 қарашада Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің III форумы өтті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев отандық аграршылардың еңбегіне және соңғы жылдары саланың қол жеткізген нәтижелеріне жоғары баға берді.
Бұл – еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі саналатын біздің облыс үшін де ерекше маңызды.
Егін жинау науқаны аяқталды. Биыл Мемлекет басшысының қолдауының арқасында республика бойынша салаға 1,2 триллион теңге көлемінде жеңілдетілген қаржыландыру бөлінді. Ал облыстың аграрлық саласын дамытуға 326,1 млрд теңге бағытталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға артық.
Мемлекеттік қолдаудың қомақты көлемі саланы дамыту жұмыстарын одан әрі жалғастыруға мүмкіндік берді. Биыл 6 млн тоннадан астам астық және 1 млн тонна майлы дақыл жиналды.
Егіс алқаптарын әртараптандыру және майлы дақылдардың үлесін арттыру жұмыстары жалғасуда. Соңғы бес жылда майлы дақылдар өндірісі 1,5 есеге, ал бұршақ дақылдарының көлемі 3,3 есеге артты.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін ұлғайту жөнінде стратегиялық міндет қойды. Бұл саланың табыстылығын арттырып, оған салынған инвестициялардың қайтарымын қамтамасыз етеді.
Бүгінде облыста өндірілген астық пен майлы дақылдардың шамамен 28%-ы, еттің 71%-ы және сүттің 87%-ы өңделеді. Алдағы уақытта бұл көрсеткіштерді кезең-кезеңімен арттыру көзделіп отыр.
Өңірде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Лисаков қаласында жылына 350 мың тонна шикізат өңдеп, 174 мың тонна май өндіретін май экстракциялау зауытының құрылысы жүргізілуде. Бейімбет Майлин ауданында жылына 365 мың тонна жем ұны мен 219 мың тонна өсімдік майын өндіретін кешен салынуда. Қостанай қаласында 9 мың тонна шикізатты өңдейтін картоп фри өндіру зауытының құрылысы басталды. Ал келесі жылы Қостанай қаласында өндірістік қуаты 90 мың тоннаны құрайтын макарон фабрикасы іске қосылады.
Жаңа жобаларды жүзеге асыру облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және қайта өңделген өнімдер экспортын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бүгінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесі де ерекше өзекті.
Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасы аясында жылына 51 мың тонна сүт өндіретін жалпы қуаттылығы бар 8 тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 4 жоба жүзеге асырылады. Ал 2027 жылға тағы 4 жоба жоспарланған. Барлық жобаларға салынатын инвестиция көлемі 62 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде жылына 93 мың тонна сүт өндіру көзделіп отыр.
Ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту үшін де Кешенді жоспар аясында үлкен мүмкіндіктер қарастырылған.
«Игілік» және «Береке» бағдарламалары бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары шетелден 8,5 мың бас ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар, Торғай өңірінде жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Жайлау» бағдарламасы бойынша тағы 10 мың бас ірі қара сатып алынбақ.
Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар облыстың агроөнеркәсіптік кешенін және басқа да салаларын дамытуға серпін беруде.
Сонымен қатар ауылдық аумақтарды дамыту осы өсімнің негізгі тірегі болып қала береді. Соңғы төрт жылда облыс ауылдарында жолдарды жөндеуге, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, әлеуметтік нысандар салуға және басқа да қажеттіліктерге 264,5 млрд теңге инвестиция салынды.
Шаруашылық жүргізуші субъектілерге берілетін субсидия көлемі де жыл сайын артып келеді. Өткен жылы бұл мақсатқа 47 млрд теңге, биыл 85 млрд теңге бөлінді. Ал келесі жылы 100 млрд теңге қарастыру жоспарланып отыр.
Әрбір шаруашылықтың жетістігінің артында ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен табанды еңбегі тұр. Сондықтан басшының ауыл өміріне белсенді араласуы – ауылдастарының еңбегіне деген құрметі мен мемлекет алдындағы жауапкершілігінің көрінісі.
Біздің ортақ міндетіміз – мемлекеттік қолдау шаралары мен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін тиімді пайдалана отырып, ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау. Бұл ретте мемлекеттік қолдау мен жергілікті кәсіпкерліктің үлесі өзара тығыз байланыста болуы тиіс.
2026 жылы облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары 4,9 млрд теңгеге әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды жүзеге асырды.
Бұл бағытта жақсы үлгі көрсетіп жүрген кәсіпорындар аз емес. Олардың қатарында Қамысты ауданындағы «Алтынсарин» ЖШС, Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» ЖШС мен «Заря» АҚ, Қостанай ауданындағы «Rinna» ЖШС, Сарыкөл ауданындағы «АГРО-ПАРАСАТ» ЖШС және Ұзынкөл ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығы бар.
Аталған және басқа да кәсіпорындар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасына белсенді қатысуда.
Бұл бағытта баршамыз белсенділік танытып, ауылдарымызды абаттандыруға, тазалық пен тәртіпті сақтауға өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Елімізде жүргізіліп жатқан барлық реформалар мен атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты бір. Ол – диқанның еңбегінің жемісін көруі, малшының шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алуы, ал жас маманның туған ауылында болашағын сеніммен жоспарлауы.
Ортақ күш-жігеріміздің арқасында саланы және ауылдық аумақтарды одан әрі дамыту жөніндегі алға қойған мақсаттарымызға міндетті түрде қол жеткіземіз деп сенемін.
Құрметті ауыл еңбеккерлері!
Сіздердің адал еңбектеріңіз әрдайым ерекше құрметке лайық.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс пен береке тілеймін! Егіндеріңіз бітік, өнімдеріңіз мол, ырыс-несібелеріңіз ортаймасын!
Мереке құтты болсын!
- 28.11.2026
- 21


