- Блогтар
- Оңалбаева Л.Е.
Оңалбаева Л.Е.
«Кербұлақ жұлдызы» ЖШС директор-бас редакторы
Тәуелсіздік еркіндіктің самалы
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам бастық. Ата-бабамыздың білектің күшімен, найзаның ұшымен ұлан-байтақ жерімізді қорғап, біздерге аманат етіп, Тәуелсіздікті аңсап кеткені мәлім. Бізге артылған аманаттың жауапкершілігін түсініп, сезініп жүрміз бе? Еліміз, жеріміз, Отанымыз үшін не істедік деген сауалдар туындайды. Әр саналы ұрпақты осындай сауалдар мазалайтыны хақ. Тәуелсіздіктің әр таңына «тәубе» айтып, жеткен жетістігімізге «шүкір» айтудан еш жалықпаймыз. Ұлан-байтақ Тәуелсіз елімнің барына мақтанамын. Жүрегімді мақтаныш кернеп, осы елде өмір сүріп жатқаныма қуанамын. Әр адамды жаратқанда оның тегін, нәсілін, туатын жерін Жаратқан таңдап береді. Сондықтан біз туған жерімізге, елімізге, ұлтымызға шағым айтуға еш құқығымыз жоқ. Сондықтан Тәуелсіздік тәңірдің берген сыйы деп білеміз.
Тамырын тереңге жайған тарихымызға көз жіберсек, еліміздің ел болып қалыптасуына мыңдаған жылдар кеткеніне көз жеткіземіз. Жерімізге көз тіккен жоңғарлармен 150 жылға жуық шайқасып, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша жерімізді қорғап қалды емес пе? Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сияқты батырларымыздың «Қайтсек те жауға бермейміз» деген ұранмен қол бастап, жауынгерлеріміздің рухын көтергені, Отанына деген махаббатын оятқаны бәрімізге аян. Батысы мен шығысы, оңтүстігі мен солтүстігі түрлі мемлекеттермен астасып жатқан ұлан-ғайыр даланы жат жұртқа бермеу үшін қайтпас қайсар батырларымыз жан аямай күресті. Елін, жерін жау аяғына таптатпай, сол туған жерінің қадамы үшін басын өлімге тіккен аталарымыздың бойындағы ерен күш, биік рух жеңіске алып келді. Қазақ халқының іргесі сөгіліп, бірлігі мен ынтымағы кетпеуі жолында дала заңгерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер тер төкті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірлігі жоғары елді жау алмайды» деген қазақ халқының мақалдары да халқымыздың қашан да жұмыла бірлесіп ел тізгінін өзгеге бермегеніне дәлел бола алды.
ХХ ғасыр да қазақтар үшін өзінің қанды қылышын сүйретіп жетті. Бейбіт өмір орнап, жағдайымыз түзелді-ау деген шақта еліміз Кеңестік биліктің қатал ықпалына түсті. Сонда да тайынбай, еңсесін түсірмей Тәуелсіздік алатынына сенімін жоғалтпаған ержүрек халқымыздың арасынан шыққан зиялы қауым өкілдері биліктің бұрыс жақтарын беттеріне басып, кемшіліктерін әшкерелеп, мемлекеттің еркіндігіне қол жеткізуге әрекет еткені үшін өлім жазасына дейін кесілді. Мұны құлағымен естіп, көзімен көріп отырса да өзге жастар айтқанынан қайтпай, батыр баба ұрпағы екенін танытып, туған жерін өз жанынан биік қойды. Әлихан Бөкейхановтың «Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады» деген сөздері қазақтың тәуелсіздікке ұмтылудағы қадамының маңызын ұғындырады. Осындай ұлт жанашырлары Қазақстанды өз билігі өз қолында болатын, ежелден келе жатқан мәдениеті мен салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары толықтай сақталған мықты, ынтымағы жарасқан, егемен мемлекет ретінде көруді аңсаумен өтті. Тәуелсіздіктің бізге не бере алатынын түсінген асыл текті бабаларымыз оның жолында жан аямай күресіп бақты. «Осы кісілер тірі болғанда қалай болар еді?» деген сұрақ көкейімнен кеткен емес.
Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де бірегейі 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі. Қазақ жастары билік басшыларының шешімімен келіспегендіктен наразылық білдірді, Қазақстандағы билікті қазақ басқаруы керек деп кеңестік билікке ашық қарсы шықты. Алаңды өз қандарымен жуған жандардың жанқиярлық ерлігі арқасында жаужүрек батыр ұрпағы екенімізді дәлелдеп, бодандықтан арылып, бостандықта өмір сүру бақытына ие болдық. Осылайша көптен күттірген тәуелсіздікке қолымыз тек ХХ ғасырдың соңында ғана жетті. 1991 жылы еліміздің басшысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті болып Нұрсұлтан Назарбаев сайланып, еліміздің шынайы тарихының ақтаңдақ беттері ашылды, егемен ел азаматтарының құқықтарын, мемлекет заңдарын анықтайтын Конституция қабылданды. Әлем елдері тізімінде жаңа мемлекеттің аты жазылды. Қаншама жылдар бойына тәуелсіздікті армандап келген ата-бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. «Тарихты жеңген жазады» дейді емес пе, ендеше біздің ғасырлар бойы күрескен жеңісіміз көрінді. Ұлттық валюта, Гимн, Ту және Гербтың пайда болуы көгінде қыран еркін шарықтаған Қазақстанның ешкімге бағынышты емес екенін дәлелдеді.
Тіл — ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі емес пе? Осыны ескерген көреген Елбасымыз мемлекеттік тілді қазақ тілі деп бекітті. Тәуелсіздік алуымыздың арқасында қаншама жыл бойы езгіге түскен ана тіліміз қайта жаңғырды. Кеңес Одағының құрсауынан босап, қыстан тұралап шыққан малдай, әлсіреген қазақ халқы ендігі кезеңде жаңа өмірге, өзгеше кезеңге аяқ басты. Тәуелсіздік таңы атқанына міне, 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қазақстан өзін күллі әлемге танытып үлгерді. Аз ғана мерзімде мерзімде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Президентіміздің жүргізіп отырған парасатты да көреген саясатының нәтижесі ретінде орнады. Ел экономикасы дамып, халықтың жағдайы әлдеқайда жоғары деңгейге жетті. Өзге елдермен арадағы қарым-қатынастар реттеліп, халықаралық саудаға шығуға мүмкіндік алды. Жастардың шет елдерде оқуға, сол жерде алған білімін Отанында қолдануға мүмкіндіктері пайда болды.
Көпжылдық тарихында толық еркіндігі болмаған еліміз ХХІ ғасыр табалдырығында осылайша тұғыры биік бейбіт мекен ретінде көрініс тапты. Тәуелсіздігіміз жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көптеген елеулі табыстарға қол жеткіздік. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты мемлекет атандық. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғанда, осы дүние есігін ашқан күнәсіз пенделердің тал бесіктен жер бесікке дейін өз қалауынша тіршілік ету бақыты пайда болды емес пе? Қазіргі бейбіт мемлекетте уайым-қайғысыз өмір сүріп жатқанымыз да осы тәуелсіздік арқасы екеніне тағы көз жеткіземін. Мен осындай елде туып-өскенімді мақтан тұтамын. Басқалардың қолы жете бермейтін тәуелсіздіктің бізге келгені-үлкен мақтаныш, дәреже, бақыт.
Бүгіндері Қазақстан Республикасы тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен терезесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Ата-бабамыздан қанмен берілген өжеттік, қайсарлық сияқты қасиеттер болашақ ұрпақты да тек алға, жаңа белестерге жетелейтіні анық. Шығыстан алтын күн нұрын төгіп, еркіндіктің самалы ескен осы кезеңнің баянды болатынына кәміл сенемін.
Аңсаған АСАНҚЫЗЫ
- 16.04.2021
- 404