- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
ОРАЛДА ШАҒАН СУ ҚОЙМАСЫ СУҒА ТОЛДЫ
Оралда 19 миллион текше метрге дейін су жинақтайтын Шаған су қоймасы 100 пайызға суға толтырылды. Үш күн ішінде саяжай алаптарын су басуына жол бермеу үшін Жайық өзеніне 15 миллион текше метр су ағызылды.
"Қазсушар" республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Батыс Қазақстан филиалы саяжайларды суару үшін қажетті су көлемі толық көлемде жиналғанын атап өтті.
- Шаған су қоймасының ең төменгі учаскесіне "Вымпел" бау-бақша қоғамы жатады. Ондағы су деңгейі жеке учаскелерге жақындады. Бүгінде қоймаға 100 пайыз су жиналып, су тораптары толықтай жабылды. Қазіргі таңда саяжай алаптарын суаруға жеткілікті мөлшерде су жинақталды, - деді "Қазсушар" РМК БҚОФ Шаған учаскесінің бастығы Қадырбек Мұқанов.
Жайық өзенінің деңгейі күннен күнге көтерілу үстінде. Ол былтырғы деңгейден асып түсті.
- Бүгінгі таңда Орал гидропостындағы Жайық өзенінің су деңгейі 320 сантиметрді құрады. Өткен жылы су деңгейі 307 сантиметр болды. Ириклин су қоймасының бос жатқан көлемі шамамен 400 миллион текше метрді құрайды. Қазір одан суды ағызу секундына 30-дан 15 текше метрге дейін төмендеді. Жайықтың су деңгейі Утва, Сакмара және Елек өзендеріндегі су тасқынынан кейін артады деп үміттенеміз, – деп атап өтті бас инженер - гидролог Шынболат Ермағамбетов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Жайық өзеніндегі судың деңгейі 850 сантиметрді құрайды.
- 20.04.2021
- 202