- Блогтар
- Байханов А.
Байханов А.
Павлодар облысының әкімі
хабарландару
Павлодар облысындағы карантин: жиі қойылатын сұрақтарға жауап
Өңірдің қалалары мен аудандарының шекаралары 13 сәуір күні 00:00-ден бастап жабылады.
Павлодар облысындағы карантин туралы жиі қойылатын сұрақтарға жауап.
- Карантин кезінде үйден шығуға бола ма? Өңір тұрғындары дүкен мен дәріханаға, емге немесе жұмысқа бару үшін үйден шыға алады. Аптасына бір рет жеке көлікпен азық-түлік алу үшін ірі супермаркетке баруға болады. 65 жастан асқан адамдарға үйден шығуға тыйым салынады, кәмелетке толмағандар үлкендерге еріп жүруі тиіс. Тұрғындарға карантин кезінде бөлек тұратын, бірақ күнделікті күтімді немесе медициналық шараларды қажет ететін қарт туыстарын өз үйлеріне алып кету ұсынылады. Саябақтарға, скверлерге, жағалауларға, балалар және спорт алаңдарына баруға тыйым салынады. Бұны полиция жасағы қадағалайтын болады. Үйдің жанында үй жануарларын серуендетуге болады. Саяжай маусымы тоқтатылды.
- Көшеде маска кию міндетті ме? Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша өңір тұрғындары тұрғылықты жерінен тыс жерде жүрген кезде медициналық маска кию керек. «Қоғамдық және жеке көлік қозғалысын шектеу» дегеніміз не? Қала ішінде қалай жүріп-тұруға болады? Карантин кезінде аймақта қоғамдық көлік – автобустар, трамвайлар, маршруттық көлік жұмыс істемейді. Тұрғындар жеке көлікпен, велосипедпен, таксимен немесе тасымалдаушы көлікпен жүре алады. Алайда, тек жұмысқа, дүкенге, дәріханаға және емге баруға рұқсат етіледі. Жұмыс істейтін ата-аналар өз балаларын туыстарына апарып, жұмыстан кейін алып кете алады. Бұл үшін жұмыс орнынан анықтама және шешімнің негіздемесі қажет. Өндірістің үздіксіз циклі бар ірі кәсіпорындар қызметкерлерді автобустармен немесе автомобильдермен тасымалдайтын болады. Павлодарда тек 18 ресми тіркелген такси фирмасы жұмысын жалғастырады. Жүргізушілер полиция қызметкерлерінің талабы бойынша такси паркінен анықтама ұсынуы тиіс.
- Мен жұмыстан анықтама алған жоқпын, не істеуім керек? Егер қызметкерлер дүйсенбіге дейін растайтын құжаттарды алмаса, олар 13 сәуірде жұмысқа барғанда анықтамаларын ала алады. Полиция департаменті бірінші күні куәліктердің жоқтығын түсініп, ескеретіндерін айтты. Жұмыс беруші қашықтық режиміне өтпеген қызметкерлерге анықтама беруі керек. Арнайы құжатта кәсіпорынның барлық деректері, қызметкердің өзі және оның жұмыс кестесі көрсетіледі. Куәлік бастықтың/орынбасарының/кадрлар бөлімінің қолымен расталады. Анықтама үлгісі әкімдіктердің Instagram-дағы парақшаларында орналастырылған. Сондай-ақ вексель-құжат толтырылып (ол әкімдік парақшасында қолжетімді), Pavlodarcovid@gmail.com (Павлодар қ.), Pvl.info@pavlodar.gov.kz (Павлодар облысы) пошталарына жіберу қажет. Рұқсатнамалар бірнеше күн бойы жарамды, сайт іске қосылғаннан кейін олар онлайн режимінде беріледі.
- Қалада жүру үшін қандай құжаттар қажет? Егер жұмысқа бара жатсаңыз, жеке куәлігіңізді, еңбек шартының соңғы парағын немесе кәсіпорынның, қызметкердің өзінің барлық деректері және оның кестесі көрсетілген жұмыс берушінің анықтамасын ұсыныңыз. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері ақпаратты карантин кезінде жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпорындар белгіленген планшеттегі деректер базасы бойынша тексереді. Емге бара жатсаңыз- дәлелдер ұсыныңыз. Егер анықтама болмаса, полиция қызметкерлері сіздің бағдарыңызды бақылай алады. Дүкен мен дәріханаға да көлікпен баруға болады. Нысандар үйіңізден екі километрден аспайтын жерде болуы керек. Полиция қызметкерлері қала тұрғындары мен ауыл тұрғындарының тұрғылықты жерін тексере алады.
- Қарт туыстарға баруға бола ма? Бөлек тұратын және тұрақты күтімді қажет ететін зейнеткерлердің туыстарына карантин уақытында оларды өз үйлеріне алып кету ұсынылды. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, әкімдік аптасына бір рет оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек әкелуге рұқсат беруді жоспарлап отыр. Полиция қызметкерлері өңір тұрғындарының бағытын бақылай алады. Әлеуметтік қызметте есепте тұрған жалғызілікті зейнеткерлерге Әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары қамқорлық жасайды. Олар қажетті өнімдер мен дәрі-дәрмекті өтінім бойынша жеткізеді. Қарт адамдарға әр зейнеткерге бекітілген әлеуметтік қызметкерлер мен еріктілер тікелей байланыссыз көмек көрсетеді.
- Медициналық мекемелер жұмыс істей ме? Егер адам ауырып қалса не істеу керек? Денсаулығы нашарлаған жағдайда өңір тұрғындарына жедел жәрдем шақыру ұсынылады. Жеке клиникалар мен тіс емханалары өз қызметін тоқтатады, мемлекеттік ауруханалар жұмысын жалғастырады. Емханалар қашықтықтан жұмыс істеу режиміне ауысады, оларға тегін дәрі-дәрмек жеткізу және пациенттерге үйде қызмет көрсету үшін қосымша көлік беріледі.
- Балабақшалар жұмыс істей ме? Карантин кезінде балабақшалар жабылады. Жұмыс істейтін ата-аналар балаларын туыстарына апарып, жұмыстан кейін алып кете алады. Бұл үшін жұмыс орнынан анықтама және шешімнің негіздемесі қажет.
- Пошта және банктер жұмыс істей ме? «Қазпошта» мен екінші деңгейлі банктер онлайн қызмет көрсетуге көшеді. Ашық режимде олар тек зейнеткерлер мен әлеуметтік төлемдерді алушыларға қызмет көрсететін болады. Зейнетақыны үйге жеткізу жалғастырылатын болады. Несиені жақын орналасқан POS-терминалдар арқылы өтеуге болады. Карантин уақытында төленбеген коммуналдық қызметтер үшін өсімақы есептелмейді. Банкоматтар жұмыс істейтін болады, берілетін сома шектелмейді. 13 сәуірден бастап облыстағы барлық айырбастау пункттері қызметін тоқтатады.
- Қандай дүкендер ашық болады? Халықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ететін мына ұйымдар жұмысын жалғастырады: сауда желілері, супермаркеттер, шағын маркеттер, үй жанындағы дүкендер, ірі сауда орталықтары және үйлері жанындағы азық-түлік бөлімдері. Барлық сауда дистрибьюторлары, көтерме жеткізушілер, тауар өндірушілер тамақ өнімдері мен бірінші кезекте қажетті тауарларды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 9:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Егіс науқанының сәтті басталуын қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы техникалары үшін автобөлшектер сататын 12 сауда нүктесінен басқа барлық азық-түліктік емес дүкендер жұмысын тоқтатады. Әкімдіктер қалалар мен аудандардың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етілуі мен жағдайын бақылайтын болады.
- Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді жеткізуге тапсырыс беруге бола ма? Кәсіпкерлік нысандарына интернет-ресурстарды үйге жеткізумен тауарларды онлайн-сатып алу-сату үшін барынша пайдалану ұсынылды. Жеткізуге дүкендердің, асханалардың, кафелердің, мейрамханалардың ірі желілерінен тапсырыс беруге болады. Бұл туралы толық ақпаратты олардың сайттарынан білуге болады. Тауарларды 20:00-ге дейін әкелуге рұқсат етіледі.
- Карантин кезінде дүкендер мен дәріханаларда өзін қалай ұстау керек? Сатып алушылар сауда нүктелері мен дәріханаларға барғанда екі метр қашықтықты сақтауы, бетперде киюі, қолды қорғау үшін дезинфекциялау құралдарын немесе бір рет қолданылатын резеңке қолғаптарды пайдалануы қажет. Келушілер үшін азық-түлік бөлімдеріне кіру алдында кезекте қашықтықты сақтау туралы ақпараттық табло орнатылады. Дүкендер мен супермаркеттердегі барлық кассалардың алдында «жол белгісі» – қозғалыс жолақтары мен екі метр сайын қашықтық сызықтары пайда болады. Қосымша кассаларға 10 метрге дейін қоршаулар орнатылады. Кассирлер жеке қорғану құралдарымен жұмыс істеуге және антисептиктерді пайдалануға міндетті.
- Сұлулық салондары, ломбардтар және ТҚКС жұмыс істей ме? Карантин кезінде мектепке дейінгі балалар мекемелері мен қызмет көрсету саласының объектілері: ломбардтар, қоғамдық тамақтану орындары, шипажайлар мен емдеу-сауықтыру орындары, қорқор тарту бөлмелері, кітапханалар, мәдениет үйлері, кинотеатрлар, театрлар, балалар орталықтары, фитнес және тренажер залдары, спорт кешендері, мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, компьютерлік және ойын клубтары, бильярд, боулинг орталықтары, бассейндер, сауналар, моншалар, демалыс базалары, ТҚКС, вулканизация объектілері, авто жуу қызметін тоқтатты.
- Өңірге кім кіріп және одан шыға алады? Блокпосттар арқылы дипломатиялық қызметтер мен азық-түлік және азық-түлік емес тауарлары бар жүк көліктерін өткізеді. Медициналық көрсеткіштер бойынша емделуге жөнелтілетіндерге, шұғыл мамандандырылған көмекке мұқтаждарға, жақындары қайтыс болғандарға (растайтын анықтама, жеделхат қажет), стационардан қайтып келгендерге тыйым қолданылмайды. Қалалар, ауылдар ішінде көктемгі егіс жұмыстарын, табиғатты қорғау, ветеринарлық, ауыл шаруашылығы іс-шараларын, байланыс объектілерінің қызметін жүргізуге қатысатын адамдар жүре алады. Олар растаушы құжат ұсынуы қажет.
- Карантин шарттарын бұзғаны үшін қандай жаза көзделген? Тәртіп сақшылары төтенше жағдай режимін сақтамауды ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабы бойынша қарайтын болады. Судья шешімді онлайн режимде шығарады. Тәртіп бұзушыларға ескерту, 10 АЕК айыппұл (27 780 теңге) немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау қаупі төніп тұр. Әкімшілік қамау үшін 120 орындық арнайы қабылдау орындары дайындалды. Егер олар толып қалған болса, уақытша ұстау изоляторларында 200 орын бар. Тәртіп бұзушылардың көліктерін айып тұрағына жібереді. Көлікті карантин аяқталғаннан кейін ғана алуға болады.
- Менің сұрағыма жауап жоқ, қайда хабарласу керек? Карантин енгізуге байланысты туындаған кез келген мәселе жөнінде 109 нөмірі немесе 130 нөмірі арқылы жедел әрекет ету орталығына хабарласуға болады.
- 13.04.2020
- 489