- Блогтар
- Оңалбаева Л.Е.
Оңалбаева Л.Е.
«Кербұлақ жұлдызы» ЖШС директор-бас редакторы
Сағындырған әндер –ай
Мәдениет - ұлттың қуаты, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан рухани болмыс, ақыл - ой, парасаты. Халық даналығы: «Өнер –ұлттың жаны»,-дейді. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланатыны белгілі.Жуырда аудандық Ә.Сарыбаев атындағы Мәдениет үйінде мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын болып өтті.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші аудандық іс-шара барысында ауданымыздағы мәдениет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, ауданымыздың мәдениетінің дамуына өзіндік үлестерін қосқан, өкінішке орай бүгінде ортамыздан алыстап, арамыздан ерте кетіп, мәңгілік мекенінде тыныс тапқан өнер майталмандары Төлеубаев Рахметбай, Тезекбаев Базарбек, Шақаров Бауыржан, Жексембаев Жанғазы сынды азаматтарын еске алып, бір минут үнсіздік жариялады.
Арқау болған құт мекен ән мен жырға,
Тұнып тұрған тау тасы сән мен сырға.
Қызыр жайлап, бақ дарып, дәулет қонған,
Шомылып тұр Кербұлақ жыр мен нұрға!
Рас, қалай мақтасаң да, мақтансаң да Күреңбелдің ән мен жырға тұнып тұрғаны шындық.Күреңбел өлкесі-қасиетті өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені десек, ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері елдігімізді, ғасырлар бойы мұра болған асыл қазынаны- ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарып жүрген жандардың санатынан.
Салтанатты жиын барысында ауданымыздың әкімі Сарыбаев Ғалиасқар Төлендіұлы еліміздің өркендеп өсуіне, мәдениет биігіне шығармашылық тұрғыдан қызмет етіп, халықты тамаша өнерлерімен қуантып жүрген ауданымыздың мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Келесі сәтте көңілдерге қуаныш силайтын марапаттау рәсімі басталды.
Доланалы ауылдық клубының меңгерушісі Мұхаметжанов Абай Жұмәділұлы -ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен, Басши ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Байденов Айдын Қалибекұлы-Алматы облысының халық шығармашылығы орталығының Құрмет грамотасымен, Қоянкөз ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Үмбеталинов Молдағали Әбдірахманұлы-Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен, Алтынемел ауылдық мәдениет үйінің директоры Келменбетов Бейбіт Айдарбекұлы- Алматы облысының халық шығармашылығы орталығының Алғыс хатымен, Шанханай ауылдық мәдениет үйінің директоры Байсуанов Бауыржан Жақсылықбайұлы- Алматы облысы әкімінің марапаты «Үздік мәдениет қызметкер» атағын және 100 мың теңге алып, мерейлері үстем болды. Кербұлақ ауданының мәдени-әлеуметтік дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін және 21 мамыр- Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мұратханқызы Рысмолдаева Айгүл, Шанханай ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Қышанов Сұңғат
Рысқалиұлы, Басши ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Байденов Айдын Қалибекұлы, Аудандық кітапхананың әдістемелік бөлім меңгерушісі Солтанқұлова Гүлмира Болатқызы,Шоқан Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінің таныстырушысы Жақыпбекова Маржан Ізбасарқызы , Алтынемел ауылдық кітапхананың меңгерушісі Диханбаева Алтынгүл Тоқанқызы аудан әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Мерекелік іс -шара мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған «Сағындырған әндер-ай» ретро әндерден концерттік бағдарламасына ұласты.
Анамда айтқан бұл әнді, әкемде айтқан шырқатып
Санамда тұрар мәңгілік, сағыныш жайлы тіл қатып.
Көңілімнің көгінде, әсем әндер тұр қалқып,
Жүректер оны шырқайды, күллі әлемге шырқатып.
Сырын ұқсам шіркіннің, о ағайын бір бақыт,
Сағындырған әндерге сағына жеткен шын бақыт!- деп ақын жүрегі жырлағандай, ән сүйер ағайынға шаттық, кеудеге бақыт нұрын себетін, алыста қалған аяулы сәттер әлеміне жетелейтін «Сағындырған әндер - ай» атты ән кешін Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, аудандық мәдениет үйінің директоры Сәуле Қожаханова және Мәулеш Әбжапаров"Сүйем мен" әнімен ашты. Аудандық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Ләззат Құсайынова Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Гүлнәр Дәукенованың "Сағым жылдар" әнін, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Анар Жұмабаева және Альфия Терлікбаева Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің "Құс қайтты Алматыға" әнін, аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Ердәулет Нұрпейісов Матусовскийдің сөзіне жазылған А. Пахмутованың "Старый клён" әнін, Қарашоқы ауылдық мәдениет үйінің директоры Таңатхан Иматаева Қ.Мырзалиевтің сөзіне жазылған Шәмші Қалдаяқовтың "Тамды аруы", Талдыбұлақ ауылдық мәдениет үйінің директоры Райкүл Доспанбетова Шөмішбай Сариевтің сөзіне жазылған Жанбота Тұяқбаевтың "Аққу сенім", Шұбар ауылдық мәдениет үйінің музыка жетекшісі Диханбаев Санат халық әні "Екі жиренді", Қоянкөз ауылдық мәдениет үйінің директоры Бақытжан Ескелдинов гитарамен Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған Марат Ілиясовтың "Мен саған өкпелемеймін" әнін тамылжыта орындаса, Шанханай ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері Қышанов Сұңғат, Есімбекова Бұлбұл. «Латино америкалық би» орындап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл концерттік бағдарлама ән әлеміндегі сезім толқындарын тербеген ән кеші болды. «Сағындырған әндер-ай»- концерттік бағдарламаның аты айтып тұрғандай, кезінде үлкендер, ата-аналарымыз салған, бала кезден құлаққа сіңіп, тыңдап өскен әндер, бір сәт сол өткенге жетелегендей әсер етті. Өткенін еске алмайтын жан жоқ шығар сірә, бұл кеш те талай жанның өткенін еске салып, жанға шуақ, көңілге көрік берді. Сұлу әндер тізбегі тағы қалықтап, қайтқан құстар қанатының сусылындай жүрегімізді сәулелі мұңға, сағынышқа бөледі.
Бүгінде әлемді жайлаған пандемияның салдарынан залды толтыра халықты жинап, концерт беруге мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан да өнер ұжымдары онлаин концерттер беруде. Десек те көзбен көріп, қолмен ұстап көргенге, яғни өнер адамдарының өнерін көрермен залында тамашалағанға не жетсін? «Үмітсіз шайтан» деген, ол күннің де ауылы алыс емес. Бүгінгідей концерт талайдың көңіліне шуақты күндер силап, сұлулыққа іңкәр жандарды ғажайып дүниеге жетелейтіні сөзсіз.
Ауданымыздың өнерінің дамына өзіндік үлесін қосып жүрген барлық өнерпаздарды мерекелерімен құттықтай отырып, аудан халқын жақсы әндеріңізбен, қазақ өнерінің інжу-маржаны, сырлы саз бұл өмірдің базары ажары дер болсақ, сан қилы сезім тылсымдарына жетелейтін ғажайып әлем, « Сағындырған әндер-ай» сынды бағдарламаларыңызбен көпшілікті қуанта беріңіздер. Сұлулық пен сезімді үйлестірген әуендер мен жан тебірентер, жауhар туындыларыңыз көп болсын. Ал оны тыңдар көрерменнің табылары анық.
Ләйлә ЕСКЕНДІРҚЫЗЫ
- 07.06.2021
- 424