- Блогтар
- Жақсылықов Р. Ф.
Жақсылықов Р. Ф.
ҚР Қорғаныс министрі
Қазақстанның Қорғаныс министрі шетелдік әріптестеріне ел әскерінің пандемиямен күрестегі қызметі туралы айтып берді
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Барлық қатысушыларды көргеніме қуаныштымын!
Ең алдымен, іс-шараны мінсіз ұйымдастырғаны, үлкен дайындық жұмысы үшін Ресей тарапына ризашылығымды білдіргім келеді.
Мәскеу конференциясы қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша өңірегінде пікір алмасудың беделді алаңына айналды. Бүгін Қазақстан Қарулы Күштерінің коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күреске қатысу тәжірибесімен бөлісуді жөн көрдім.
Өткен жылдың наурызында мемлекетіміз, әлемнің барлық елдері сияқты, миллиондаған адамдардың өмірін әкеткен вируспен күресті күшейтті.
Елімізде өткен жылдың қаңтарында-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы covid-19 таралуы пандемия сипатына ие болды деп жариялағанға дейін қатаң шаралар қабылданған болатын.
Алдын алу шаралары республикамызда да, жалпы өңірде де коронавирустың пайда болуын шектеді.
Бұл ахуалдың ушығуына жедел дайындалуға және қолда бар мемлекеттік ресурстарды пайдалану мүмкіндігіне уақыт берді.
Қазақстандағы пандемиямен күрестің басты ерекшелігі тұрақты мониторинг, ашықтық және халықпен және шетелдік әріптестермен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен өзара қарым-қатынас жасауында болды.
Бастапқы кезеңде шетелдік тәжірибе белсенді қолданылды. Өзін-өзі растайтын үздік тәжірибелер қолданылды.
2020 жылғы қаңтардың соңында Қазақстан премьер-министрінің төрағалығымен іс-шараларды үйлестіру жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылды.
Аурудың алғашқы жағдайы тіркелгеннен кейінгі күні, өткен жылдың 16 наурызында, Мемлекет басшысының Жарлығымен елдің барлық аумағында төтенше жағдай енгізілді, ол екі айға жуық уақытқа, яғни 2020 жылдың 11 мамырына дейін созылды.
Дәл осы төтенше жағдай режимі кезеңінде Қарулы Күштердің әлеуетін пайдалану қажеттілігі туындады.
Еліміздің Қарулы Күштері азаматтарға көмек көрсету үшін жоғары дайындық режиміне көшірілді.
Режимді қамтамасыз ету кезеңіне Қарулы Күштерден 13 мыңнан астам адам жұмылдырылды.
Егер сол кезде жұмылдырылған әскери қызметшілер санының Қазақстан халқының санына шаққандағы арақатынасына рейтинг жүргізге болсақ, онда еліміз әлемде бірінші орынды иеленген болар еді.
Ел арасында дертті жұқтырғандар санының өсуіне қарай қалалардағы әскери-емдеу мекемелері коронавирус инфекциясы бар науқастарды емдеу мақсатында қайта жабдықталды.
Екі-үш күн ішінде ірі қалалар мен елді мекендердің маңында 2000-нан астам төсек-орынға арналған әскери-далалық госпитальдер ашылды.
Республикамыздың бас қаласы Нұр-Сұлтанда жеке әскери-медициналық қоры құрылды. Сонымен қатар, 23 мобильді дәрігерлік-мейірбикелік бригада құрылып, оқытылды.
Қарулы Күштердің 1 300-ден астам медицина қызметкері барлық өңірде көмек көрсетіп, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізді.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Короновирус пандемиясы Қазақстанда ғана емес, басқа да мемлекеттерде Қарулы Күштердің қоғамдағы рөліне деген көзқарасын айтарлықтай өзгертті.
Коронавируспен күрестің бастапқы кезеңінде ел әскері іс жүзінде төтенше жағдайлар органының функцияларын орындады.
Осындай тәжірибені негізге алып, Төтенше жағдайлар комитетінің базасында жеке мемлекеттік орган – Төтенше жағдайлар министрлігін құру туралы шешім қабылданды. Ол бұған дейін ішкі істер министрлігінің құрамында болатын.
Локдаунның енгізілуімен оны сапалы қамтамасыз ету үшін әскери ресурс қажет болды.
Мысалы, көлік ағынын және адамдардың қозғалысын фильтрлеу мақсатында қалалар арасында орнатылған блокпосттардың жұмыс істеуі үшін әскери полиция бөлімшелері кеңінен жұмылдырылды.
Төтенше жағдай режимі кезеңінде барлығы 19 қала мен елді мекендегі 140 блокпостта қызмет атқаруға 3 000-нан астам әскери қызметші және 130 бірліктен аса техника тартылды.
Осы тұрғыда шектеу шараларының бұзылуын бақылау, алдын алу және тіркеу үшін ұшқышсыз ұшу құралдарының мүмкіндіктерін қолданудың тиімділігін атап өткім келеді.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс бөлімшелері әлеуметтік маңызы бар және карантиндік объектілерді, адамдар көп жиналатын орындарды санитарлық тазалау үшін қолданылды.
29 елді мекенде дезинфекция жүргізілді. Ол мақсатта тиісті техникаларымен бірге саны 3 000-нан астам арнайы жасақ құрылды.
Пандемияның алғашқы айларында шаралар ерекше болғанын және уақыт өткен сайын бұл шаралардың кейбіреулері қолданылмай қалғанын әрине, ескеру қажет.
Қазақстанда локдаун кезеңінде Қарулы Күштерді қолдану ерекшеліктерінің бірі запастағы азаматтар қатарынан жұмылдыру резервін пайдалану болды.
Мүмкіндігінше қысқа мерзімге уақытша шақыру және «запастарды» сапқа тұрғызу алгоритмі жасалды.
Сонымен қатар, 3 000-нан астам адам Қарулы Күштерге ерікті түрде арнайы жиындарға шақырылуға ниет білдірді. Мұндай арнайы жиындар қысқа мерзімде ішінара жұмылдыруды пысықтаудың элементі болды, сондай-ақ ерікті әлеуетті бағалауға мүмкіндік берді.
Бұл күштер негізінен ішкі істер органдарының бөлімшелерімен бірге патрульдік-күзет қызметін атқару үшін пайдаланылды.
Төтенше жағдай кезінде әскери-көлік авиациясы да сұранысқа ие болды. Біз үшін оның санының жеткіліксіз екені белгілі болды.Ел азаматтарын шығуға мүмкіндік жоқ немесе қиын болған мемлекеттерден көшіру жүргізілді. Сол сияқты Қазақстандағы шетелдік азаматтар да көшірілді. Әскери-көлік авиациясының ресурсы гуманитарлық көмек алу және жеткізу үшін де пайдаланылды.
Әскери бөлімдері жоқ әскер топтарын құру мақсатында әскери-көлік авиациясының ұшақтарымен бөлімшелерді көшіруді жүзеге асырды.
Қарулы Күштер өзіне тиесілі емес міндеттерді орындауға белсенді жұмылдырылды. Бұл әскери қызметшілерді жауынгерлік даярлық үдерісінен алшақтатуға алып келді. Дегенмен бұның салдарын азайттық, сондықтан жауынгерлік дайындық пен оның қарқындылығы төмендемеді.
Сабақтарды өткізу қарқыны да төмендеген жоқ. Ал жеке құрамды вирус жұқтырудан барынша қорғау үшін әскери бөлімдердің күнделікті қызметі ерекше регламент бойынша ұйымдастырылды.
Бас штабтың құрылымында пандемия тәжірибесі ескеріліп, жеке бөлімше – Радиациялық химиялық, биологиялық қорғаныс және экологиялық қауіпсіздік әскерлерінің департаменті құрылды.
Кейбір мемлекеттік секторлардағыдай, тоқтату үрдісі әскери ортада болған жоқ. Керісінше, пандемия әскери қызметшілердің күш-жігерін жұмылдырды және жұмысты өзара алмастыру қағидаты бойынша ұйымдастырудың тиімділігін көрсетті. Бұл әсіресе дағдарыс жағдайында басқару кезінде өте маңызды.
Әрине, қауіпсіздік мақсатында санитарлық талаптарды қатаң сақтау туралы директивалар берілді. Оған бетперде режимі, термометрия және диагностиканың әртүрлі әдістері кірді.
Қарулы Күштерде шектеулерді біртіндеп алып тастау және жауынгерлік оқу-жаттығу қызметін ұйымдастырудың әдеттегі форматына біртіндеп көшу оң тәжірибесі екенін көрсетті.
Заманауи байланыс арналарын пайдаланудың арқасында біздің шетелдік әріптестерімізбен орталық әскери басқару органдары деңгейіндегі қарым-қатынас тоқтаған жоқ.
Өзара қолдау көрсетудің жарқын мысалы ретінде 2020 жылдың мамыр айында Ресей Қарулы Күштерінің дәрігерлік-мейірбикелік бригадасының біздің елге жіберілгенін атап өткім келеді.
Оның құрамында тәжірибелі анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер және терапевт дәрігерлер болды.
Олар қазақстандық мамандарға әскери-медициналық қызметте практикалық және әдістемелік көмек көрсетті.
Сондай-ақ, өткен жылдың сәуір айында Қазақстанның астанасына Қытай Халық Республикасының медициналық қызметкерлері келді.
Біздің шетелдік әріптестерімізден алған біліміміз бен дағдыларымыз емдеу қызметінде жемісті қолданды.
Осындай мысалдар аз емес. Бұл инфекциямен бірлесіп күресудің тиімділігін көрсетті.
Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің жеке құрамы арасында жаппай екпе егу жүргізілуде. Ол іс жүзінде аяқталуға жақын.
Жеке құрамның 95% екпе алып, әскери ортада ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айтуға болады. Бұл жақсы көрсеткіш.
Дегенмен босаңсуға болмайды. Әскери қызметшілерді ротациялауды жүргізуге және әскери қызметке шақыруға деген тұрақты қажеттілікті ескере отырып, тәуекелдер болары анық. Вакцинацияланған және сырқаттан жазылған адамдарда жұқтырудың қайталану жағдайлары да бар.
Тұрақты иммунитетті қалыптастыру үшін әзірге екпеден басқа балама жоқ екеніне сенімдімін.
Әскери-емдеу мекемелерінде екпе егу пункттері жұмыс істейді. Олар сауда ойын-сауық орталықтарында да жұмыс істеуде. Вакцинация ерікті түрде Денсаулық бекіткен препараттармен жүргізіледі.
Қазақстанда қолданылған алғашқы вакцина ресейлік «Спутник-V» вакцинасы болды. Одан әрі оны Қазақстанда өндіру ұйымдастырылды, сондай-ақ отандық «Qazsovidvac» вакциналары, сондай-ақ Қытай вакциналары жеткізіліп, қолданыла бастады.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Пандемия кезінде әскери компоненті жұмылдыру бірнеше бағытта тиімділігін көрсетті.
Біріншіден. Әскери қызметшілерді жұмылдыру халық үшін психологиялық рөл атқарды. Мемлекет тарапынан ахуалды бақылаудың кепілі бола білді.
Бұдан өзге, әскерилердің жоғары деңгейдегі ұйымдастырылуы кейбір жағдайда «Метроном қағидасы» бойынша жұмыс атқарды, яғни мемлекеттік басқарудың қалған компоненттерін бірлескен іс-әрекет пен жинақылыққа шақырды.
Екіншіден. Әскери техника мен құралды қолдану тәжірибесі.
Қарулы Күштерді техникамен жабдықтау кезінде оларды қос мақсатта мүмкіндігін ескеру қажет екені белгілі болды. Бұл дегеніміз әскери мақсатта да, бейбіт мақсатта да қолдану.
Әскери медицина саласында диагностика және тиісті кадрларды даярлау ерекше маңызды болды.
Үшіншіден. Қарулы Күштердің жеке құрамы төтенше жағдай кезінде әмбебаптығына байланысты жұмылдырудың экономикалық пайдасы да болды.
Мемлекеттік органдардың немесе ведомстволардың бірде-біреуі кез-келген жағдайда кешенді міндеттерді шешу мүмкіндіктеріне қара әскери ұйымдай болмайды.
Құрметті конференцияға қатысушылар!
Өкінішке орай, бүгін пандемия аяқталды деп айтуға әлі ерте. Алайда бірлескен және үйлестірілген күш-жігермен жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болатыны туралы өткен жылғы тәжірибе арқылы білдік.
Әлемнің барлық елдерінің медицина қызметкерлері – оның ішінде пандемиямен күресте алдыңғы қатарда тұрғандар құрметке лайық.
Әлем елдерінің вирусология ғылыми-зерттеру орталықтарының тым қысқа мерзімде вакцина тапқан зор еңбектері үшін өз атымнан алғыс айтамын.
Осынау қиын кезеңде туыстар мен жақындарын жоғалтқандар көп. Олар мәңгі жүрегімізде сақталады. ХХІ ғасырда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді әскери қауіп-қатерлер және зорлық-зомбылықтар тұрғысынан ғана қарастыруға болмайды.
Қазіргі кезде біз көзге көрінбейтін қауіп – вирус, оған қарсы тұрудың жаңа әдістерін біліп, бірге әрекет етуді үйрендік. Жаңа түрлерінің пайда болуын ескерсек, мұнымен тоқтап қалуға тағы болмайды.
Сондықтан осында жиналған баршаңызға денсаулық, рухтың биіктігі мен береке тілеймін!
Назарларыңызға рахмет!
- 24.06.2021
- 470