- Блогтар
- Төреғалиев Н.
Төреғалиев Н.
Батыс Қазақстан облысының әкімі
БҚО әкімі Бөкей ордасы ауданында салынып жатқан нысандарды тексерді
Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Бөкей ордасы ауданында болды. Сапар барысында аймақ басшысы "Жұмыспен қамту жол картасы" және "Ауыл ел бесігі" бағдарламалары аясындағы әлеуметтік мақсаттағы нысандардың құрылыс барысын тексерді, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалығында болды, жол, тұрғын үй, спорт және өзге де жобалар бойынша жұмыстарды тексерді.
"ЖҚЖК" мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданда 7 жоба жүзеге асырылуда. Жалпы 204 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған, оның ішінде халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы 104 адам жұмыспен қамтылды.
Облыс әкімі Бөрлі ауылындағы М.Бегалиева атындағы ЖОББМ, Бисен ауылындағы мектеп интернатын, Сайқын аудан орталығындағы туризм және экология орталығының ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Бұл нысандар шамамен 40 жыл бұрын қолданысқа берілген болатын. Бүгінде мемлекеттік бағдарламаның аясында жобаларда 96 адам жұмыс жасауда.
"Ауыл ел бесігі" бағдарламасы аясында аудан орталығындағы М.Мәметова атындағы ЖОББМ күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мектеп 1976 жылы салынған. Шартқа сәйкес жөндеу жұмыстарына 268 млн теңге жұмсалады. Нысан оқу жылы басталғанға дейін тапсырылатын болады.
Ғали Есқалиев мал өсірумен айналысатын "М.Боранбаев" шаруа қожалығында болды. 3,3 мың га құрайтын шаруашылық алқабында 780-нен астам ірі қара, 580 жылқы, 30 түйе және 80 ұсақ мал бар. Сондай-ақ, шаруа қожалығы төзімділігі және денсаулығының күштілігімен ерекшеленетін мәрмәр еті бар Британдық герефорд тұқымды ет сиырларын сатып алды.
Бисен ауылында облыс әкімі екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Қыркүйек айының басында жалпы ауданы 67 ш.м. болатын 4 пәтер тапсырылады, шарт сомасы шамамен 50 млн теңгені құрап отыр. Бүгінде үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сайқын ауылында КПО б.в. қаражаты есебінен 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоба 344 млн теңгені құрап отыр. Кешенді 2021 жылдың басында қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.
Өнеге-Бисен-Сайқын республикалық жол учаскесін күрделі жөндеуден өткізу барысында өңір басшысы нысанды сапалы жөндеу мен уақтылы тапсырудың маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімі Мұратсай су қоймасы мен 1961 жылы салынған бөгеттің жай-күйімен танысты. Техникалық құжаттамаға сәйкес, ұзындығы 12,5 км және ені 2 км-ден асатын су қоймасының сыйымдылығы 16,3 млн текше метр құрап отыр.
Қазіргі уақытта енгізілген күннен бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген бөгетке жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі туындап отыр. Атап айтқанда, бөгеттің үстін кеңейтіп, тегістеп қиыршық тастар (щебень) төсеу, жандарына қойылған темір-бетонды плиталарды және су реттегіш шлюздер орнату қажет. Қазіргі бөгеттің ені 3,5 метр құрайды. Бөгет арқылы Сайқын, Орда, Мұратсай ауылдарының тұрғындары Тайғара ауылына, көршілес Жәнібек, Казталов аудандарына және Орал қаласына қатынайды. Сонымен қатар, Мұратсай су қоймасындағы су көлемі нормадан төмен және 7-8 млн текше метрді құрап отыр.
- 05.08.2020
- 362