- Блогтар
- Сұлтанғазиев М.Е.
Сұлтанғазиев М.Е.
Алматы облысының әкімі
Талдықорғанда 55 отбасы қоныс тойын тойлады
Талдықорған қаласының облыс орталығы мәртебесін алғанына 20 жыл толуына орай 55 отбасы қоныс тойын тойлады. «Болашақ» шағын ауданында жаңадан салынған үйдегі пәтерлердің кілтін облыс әкімі Амандық Баталов табыстады, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Пәтер кезегі жеткендерге кілт тапсыру салтанатында сөз алған Амандық Баталов:
– Бүгін Талдықорған қаласы мен оның тұрғындарында үлкен той. Осыдан 20 жыл бұрын әкімшілік орталық Алматыдан Талдықорған қаласына көшірілген болатын. Елбасының тарихи шешімінің арқасында Талдықорған Жетісу жерінің орталығына айналды. Ол кезде қалада жарық та, жылу да жоқ, көпқабатты үйлер қараусыз қалған болатын. Шамамен 97 мың халық тұратын қаланың тұрғындары бүгінде 200 мыңның шамасында. Содан бері жаңа шағын аудандар, әлеуметтік нысандар салынды, жолдар, саябақтар, скверлер, аулалар жасалды. Көптеген белгілі сәулетшілер бүгінгі Талдықорғанның кескін-келбетінің көріктенуіне үлес қосты. Бүгінгідей мерекелік күнге орай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының аумағында коронавируспен күресте ерлік пен жанкештілік танытқан дәрігерлерге арналған ескерткіштің ашылды. Сондай-ақ, қала көшелеріне заманауи автобустар шығарылды. Енді, міне, кезегі жеткен тұрғындарға мерекеге орай жаңа пәтердің кілтін табыстап жатырмыз. Осының бәрі мемлекеттік қолдаудың нақты көрсеткіштері. Баршаңызды қоныстойларыңызбен құттықтап, отбасыларыңызға бейбітшілік, жақсылық пен ырыс-құт тілеймін! – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.
Салтанатты шараға қатысушылар облыс әкімімен бірге жас отбасы Омаровтар мен педагог Маржан Мэлстің үйіне кіріп, шашу шашты. Қоныстойын тойлаушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.
Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алматы облысында 1 миллионнан астам шаршы метр баспананы пайдалануға беру жоспарланған. Оның 191,3 мың шаршы метрі немесе 2603 пәтер (521 тұрғын үй) бюджеттің қаржысына салынады. Биылғы 8 айдың ішінде бағдарламаның барлық бағыты бойынша берілген 904 пәтердің 68-і көп балалы отбасыларға тиесілі. Жалпы, баспанасыз жүрген халықты пәтермен қамтамасыз етуге арналған жалдамалы тұрғын үй құрылысына биыл 16,2 миллиард теңге бөлініп отыр. Оның 10,9 миллиард теңгесі көпбалалы отбасыларға арналған. Облыста жалдамалы пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған 1695 отбасының 953 көпбалалы саналады. Биыл қаңтар-тамыз аралығында Алматы облысында 663,5 мың шаршы метр баспана немесе 2020 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 107,5 пайызы пайдалануға берілді.
- 23.09.2021
- 233